389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді

  • 250
  • UPD: 20:20, 17.09.2019

Қазақстан мен Корея байланысы нығайып келеді.

Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Иннің қазақ жеріне жасаған сапары қос елдің қатынасын жаңа сатыға көтерді. Қос тараптың белгілеген жоспарын жүзеге асыру үшін еліміздің Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Сеулге сапарлатты. Ведомоства басшысы билік өкілдерімен кездесіп, екі жаққа да тиімді келіссөздер жүргізді.

Владислав Цой, тілші:

– Оңтүстік Кореяның Қазақстанға деген қызығушылығы өте жоғары. Оны Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Сеулге жасаған іс-сапары барысынан көруге болады. Бір күннің ішінде министр өзінің оңтүстіккореялық әріптесімен, үкімет басшысымен және Парламент спикерімен кездесіп үлгерді. Жүргізілген келіссөздердің басты тақырыбы – осы жылдың сәуір айында екі ел Президенті қол қойған «Самал жел» бағдарламасының жүзеге асу барысы болды.

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов алдымен Кореяның премьер-министрі Ли Нак Ёнмен бас қосты. Кездесуде қос елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастық жайы сөз болды. Ал Корея ұлттық жиналысының төрағасы Мун Хи Санмен өткен жүздесуде тараптар Еуразия елдері парламент спикерлерінің төртінші форумына дайындық барысын талқылады. Нұр-Сұлтанда өтетін халықаралық жиынды Қазақстан Оңтүстік Кореямен бірге ұйымдастырады. Сондай-ақ Бейбіт Атамқұлов Сауда, индустрия және энергетика министрі Сонг Юн Момен келіссөздер жүргізді. Қос тарап Қазақ экономикасын әртараптандыру мәселесін қарастырды. Осы күні Қазақстаннан Кореяға жасалатын экспорттың тоқсан пайыздан астамын шикі мұнай құрайды. 

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

– Тәуелсіздік жылдары Оңтүстік Корея Қазақстанға 7 миллиард доллар инвестиция салды. Соңғы он төрт жылдың ішінде 5 млрд. Біздің «Самал жел» бағдарламасы ынтымақтастыққа жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Кореяның сыртқы істер министрлері арасында жүргізілген келіссөздер екі сағатқа созылды. Министрлер екіжақты байланыс пен күнтәртібіндегі халықаралық мәселелерге қатысты пікір алмасты. Саяси ведомоства басшылары қазан айында Қазақстанда өтетін Орталық Азия - Корея Республикасы форумында атқарылатын ортақ істер жайын пысықтады.  Бейбіт Атамқұлов пен Кан Ген Хва Корея Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еркін сауда туралы келісімге қол қою мәселелерін де қарастырды.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

– Қазақстан үшін Корея – Азия аймағындағы екінші ірі серіктес. Он сегізінші жылы біз төрт миллиард доллар айналымымен аяқтадық. Он тоғызыншы жылдың алты айында тауар айналымы 2,7 миллиард долларды құрады.

Осы айдың соңында сыртқы істер министрлігінің өкілдері тағы да бас қосады. Нұр-Сұлтанда Қазақстан-Корея үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді. Тараптар экономикадағы бірлескен жобаларды талқылайды. «Самал жел» бағдарламасы аясында Оңтүстік Корея инвестициясын инфрақұрылымға, ауылшаруашылығы мен денсаулық сақтау саласына, сондай-ақ IT-технологияларды дамытуға тарту жоспарда бар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы