389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы жоспарды асырып орындады

  • 305
  • UPD: 23:34, 18.09.2019

Жапондық инвесторлар өндірісті одан әрі дамытуға ынталы. Өйткені  Қызылорда облысындағы күкірт қышқылы зауытының өнімділігі жылдық жоспардан да асып түсті. Қазақстан, Жапония және Канаданың бірлескен кәсіпорны 2012 жылдан бері уран өндірісінде маңызы зор реагент өндіріп келеді.

Ен даладан бой түзеген бұл зауыт Жаңақорған ауданының орталығынан 8 шақырым жерде орналасқан, әрі күкірт қышқылын өндіру жөнінен ТМД-дағы ең ірі өндіріс. Теңіз кенішіндегі мұнай өндірісі кезінде шығатын күкіртті өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Сондықтан экологиялық тұрғыдан да маңызы зор. Соңғы технологияға негізделген кәсіпорын толықтай автоматтандырылған.

Дайырбек Әбдешов, күкірт қышқылы зауыты бас директорының орынбасары:

- Күкіртті түсіргеннен бастап өңдеугенге дейінгі технололгия толықтай автоматтандырылған. Ал шикізаттың 99,75 проценті өңделеді. Демек, белгіленген нормадан әлдеқайда аз мөлшерде ғана қалдық шығады. Сондықтан экологиялық тұрғыда таза өндіріс деп айтуға негіз бар.

Өндіріс барысында бөлінетін буды да кәсіпорын пайдаға жаратып отыр. Одан сағатына 18 мегаватт электр энергиясы өндіріліп, ауданға арзан бағада сатылады.

Сәулебек Дүйсебеков,  зауыттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі директорының орынбасары:

- Ең маңыздысы мына Кейден ауылына бірнеше жылдан бері аяқсудың мәселесі шешілмей келе жатқан еді, сол аяқ су мәселесін шешіп беру үшін олардың қойылған насосына тегін электр энергия беріп отырмыз. Соның арқасында халық жылына 4 млн-3,5 млн теңге суға төлейтін ақшадан босатылып отыр. Бұл үлкен мәселе деп ойлаймын. 

Бүгінде зауытта 270 адам еңбек етеді. Оның басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. Өндіріс барысымен толық танысып шыққан жапониялық компания өкілдері әріптестік байланысты одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін білдірді.

Ямазаки Татсуя, жапондық компания өкілі:

- Күкірт қышқылы зауыты әлемдегі ең озық технологиялармен жабдықталған. Соның арқасында толық қуатында жұмыс істеп тұр әрі өнім сапасы да жоғары. Алдағы уақытта өндірісті одан әрі жетілдіруге болады деп есептейміз. Ол үшін технологиялық жүйені дамыту тетіктерін бірлесіп талқылауға әзірміз.

Компания әлеуметтік міндеттемелермен қатар алдағы уақытта да экологияға пайдалы жобаларды жүзеге асыру жолындағы ізденістерді жалғастыра бермек. Бұл тұрғыда ғылымға негізделген бірқатар ұсыныстар да әзірлену үстінде екен.   

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы