389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелдік туристерді қабылдауға қаншалықты дайынбыз

  • 280
  • UPD: 09:04, 19.09.2019

Қазақстанда «Pata Travel Mart 2019» көрмесі өтіп жатыр.

Мамандар халықаралық шараның елдегі туризмді дамытуға оң ықпалын беретініне сенімді. Ал қазіргі ахуал қандай? Сырттан келетін туристерді қабылдауға дайынбыз ба?

Қазақстан – Оңтүстік Шығыс Азия елдері үшін тартымды мемлекет. Туристер көбіне Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларына көп келеді. Еліміздің жауһары – Бурабайды бір көруді армандайтыны қаншама.

Әбілхан Сәрсенбаев, халықаралық туристік компания президенті:

– Шетелдік туроператорлар елімізге үлкен қызығушылық танытып жатыр. Қазірдің өзінде Қытай, Үндістан, Малайзия, Индонезия, тіпті Австралия да өз туристерін бізге жіберуге дайын. 20 жылдық тәжірибем бар. Түсінгенім, Қазақстан әлемдік туристік қауымдастықта үздік бағыттардың бірі саналады.

Қазақты жұрт қонақжай дейді. Бірақ әлемді мейман ету үшін аста-төк дастархан жаю аз. Қазір 60 мемлекетке визасыз режим енгіздік. Бұл тізімді әлі де арттыру керек. Орталық Азия елдеріне тән проблема – билет қымбат. Осы ретте мамандар саланы субсидиялау керектігін айтады.

Ая Нұрдәулетқызы, ҚР ұлттық туризм қауымдастығының басшысы:

– Әуе билеттерін субсидиялау жөнінде. Неге десеңіздер, Қазақстанға жетудің өзі аз ақша емес. Мысалы, Гонконгтен Алматыға ұшып келу үшін екі жаққа билет 800-900 доллар шамасында. Немесе Куала-Лумпурден ұшып келудің өзі кәдімгідей ақша. Бұл жерде тұруы, тамағы, экскурсиясы бар. 1 апталық тур 1500 доллар болады. Ал Азиялық мемлекеттерді алсақ, бір-біріне бару жеңілдеу және арзандау.

Қазақстанда туризмнің сан түрін дамытуға болады. Қабылданған мемлекеттік бағдарламада 2025 жылға дейін атқарылуы тиіс міндеттер мен күтілетін нәтиже көрсетілген. Бірақ қазақ елін әлемге жарнамалайтын ақпарат жоқтың қасы. Ал 50 мемлекеттің 1000 өкілінелге жинаған «Pata Travel Mart 2019» көрмесі олқылықтың орнын толтыруға сеп болады. Елордаға келген меймандар қазақ даласындағы туристік ахуалды жоғары бағалайды.

Тревор Велтман, «Pata Travel Mart 2019» көрмесінің ұйымдастырушысы:

– Мен Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Қатты ұнады. Қазақстандық достарым көп еді. Бұрыннан елдеріңізге саяхат жасауды армандадым. Осындай ауқымды шарада тілегім орындалды. Азия мен Тынық мұхиты елдерінде туризм даму үстінде. Қазақстанның да мүмкіндігі зор.

Қазақстандағы эко және этнотуризм көпшілік қызығушылығына ие. Елімізге келген халықаралық туроператорлар бірқатар келісім жасасып, аталған бағыттарды әлемдік нарықта жарнамалауға күш салатын болады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы