389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанға жыл сайын 13 мың француз саяхаттайды

  • 198
  • UPD: 10:46, 19.09.2019

Франциядан Қазақстанға саяхатшылар жиі келеді.

Ресми дерекке қарағанда, біздің елге жыл сайын 13 мың француз саяхаттайды екен.

Эмманюэль Гийом – қазақстандық туризм нарығын жетік білетін франсуз маманы. Дәл осы кәсіпкер бірнеше жыл бұрын Қазақстан мен Франция арасында тікелей әуе рейсін ашып, біздің елге ондаған француз туроператорын алып келді. Қазақ елінің көрікті жерлерін жарнамалаудан жалыққан емес. 

Сарапшы қазақстандық туризмнің әлеуеті зор деп санайды. Оның есебінше, біздің елге жылына 13 мың француз саяхаттап, әр адам күніне 310 еуро жұмсайды. Егер саяхатшылармен жұмыс дұрыс жолға қойылса, тек франциялық туристерден түсетін кіріс жылына 28 миллион еуроны құрайды, - дейді Гийом.  

Эмманюэль Гийом, туризм саласы бойынша сарапшы:

– Туризм саласындағы мамандықтарды бір жүйеге келтіру қажет. Мемлекет осы саладағы барлық бастамаларды қолдауы тиіс. Қазақстан туризмін Франция, Германия, Ұлыбритания нарықтарында көбірек жарнамалап, инвестиция құйған жөн.

Парижде қазақстандық бағытты ұсынатын турагенттіктер саны оннан аспайды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Азия. Компания біздің елге саяхатпен айналысқанына 3 жыл болған. Бұл бағытты одан әрі дамытуға болар еді, бірақ қазақ еліндегі инфрақұрылым көңіл көншітпейді, дейді мамандар.

Бертран Делоне, «Asia» туристік агенттігінің сату бөлімінің директоры:

– Біз тұтынушыларымызға әрдайым Қазақстандағы инфрақұрылымның Еуропадағыдай деңгейде еместігін айтуға мәжбүрміз. Мысалы, қонақ үйлер таза. Бірақ 4 жұлдызды қонақ үйлер Еуропадағымен салыстыруға келмейді.

Туристер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық жоғары, алайда оны Жапониямен салыстыруға келмейді, дейді сарапшылар. Қазақ елінде туризмді дамыту мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр, тек оның нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде, дейді француз мамандары.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы