389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері темір жол әкімшіліктерінің басшылары кездесті

  • 175
  • UPD: 22:58, 19.09.2019

Шанхай ынтымақтастығына мүше мемлекеттер темір жол әкімшіліктерінің өзара іс-қимыл жөніндегі тұжырымдамасы мақұлданды.

Бұл туралы аталған ұйымға мүше мемлекеттер теміржол әкімшіліктері басшыларының екінші кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ осы басқосуда жұмыс тобының ережесі мен 2020-2022 жылдарға арналған жоспары бекітілді.

Темір жол саласының әлеуетін арттыру – Шанхай ынтымақтастығына мүше мемлекеттерге ортақ мәселе. Темір жол әкімшіліктері басшыларының кезекті кездесуінің біздің елімізде өтуі де тегін емес. Қазақстан контейнерлік тасымал көлемін арттыруды көздеп отыр. Ол үшін аталған ұйымға мүше мемлекеттермен арада шекаралық, кедендік тексерулерге қатысты және жүк тасымалына қойылатын талаптар бойынша да түйіткіл жайттар болмауы тиіс.

Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Мұндай кездесулер аса қажет. Осындай жиындарда сала басшылары тәжірибе алмасып, темір жол желісінің инфрақұрылымын бірігіп дамыту жолдарын ортаға салады. Сондай-ақ жүк тасымалдау талаптарындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар да айтылады. Қандай жаңа терминалдар ашылып жатыр? Оның қуаты қандай? Жалпы қай бағытқа басымдық беру керек? Міне, осы мәселелерді талқыдадық.

Логистиканың ілгерілей түсуіне өзге елдер де мүдделі. Жүктің кедергісіз тасымалдануына темір жол әкімшіліктерінің өзара іс-қимыл жөніндегі тұжырымдамасы да септігін тигізбек.

Винод Кумар, темір жол кеңесінің төрағасы (Үндістан):

- Мен Қазақстан үкіметіне, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Бұл шараның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше барлық елдер үшін пайдасы зор. Бірігіп, темір жолдың инфрақұрылымын жетілдіре түскен абзал.

Қазақстан Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға басымдық береді. Биылғы жылдың 8 айында ел аумағы арқылы өткен контейнер транзиті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ке артқан. Ал, темір жол әкімшіліктері басшыларының келесі кездесуі 2020 жылы Ресейде өтеді.

Хабар 24 телеарнасы