389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте Еуразиялық кеңістіктегі сауда ауқымын кеңейту мәселесі талқылануда

  • 189
  • UPD: 17:20, 26.09.2019
Бішкекте Еуразиялық кеңістіктегі сауда ауқымын кеңейту мәселесі талқылануда

«Еуразиялық апта». Бішкекте осындай атаумен төртінші халықаралық форум ашылды.

Қырғызстан астанасында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен ұйымға әріптес елдердің іскер қауымының 2 мыңнан аса өкілі жиналды. Басқосуда талқыланатын басты тақырып – Еуразиялық кеңістіктегі сауда ауқымын кеңейту.

«Еуразиялық апта» – одаққа мүше мемлекеттердің басты іскер алаңы. Жыл сайын өтетін бұл форумға үкімет пен іскер қауым өкілдері, экономистер мен қаржыгерлер қатысады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы сауда айналымы 500 миллиард долларға жеткен. Осы соманың бір бөлігі Қырғызстан бюджетіне түседі.

Мухаммедкалый Абылгазиев, Қырғызстан премьер-министрі:

– Осы мезгілде Қырғызстанның сыртқы сауда айналымы 1,6 миллиард долларға өскен. Қырғызстан секілді шағын экономика үшін бұл – өте үлкен көрсеткіш. Өзге әріптес елдердің де экономикасында өсім үрдісі байқалады. Бүгінде Қырғызстан тауарларының 80% Еуразиялық экономикалық одақ нарығында сатылады.

Алайда форумға қатысушылар әлі де түйіні тарқалмаған мәселелер бар екенін мойындайды. Өзара сауда ауқымының кеңеюіне ұлттық деңгейде кедергі болып жүрген көптеген бөгеттер бар. Оларды азайту үшін әкімшілік құрылымдар бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ қаржы саласында көпжақты әрекеттесудің жаңа құралдарын енгізу қажет.

Николай Фомин, Консалтинг компаниясының директоры:

– Цифрлық технологияның дамуын ескеретін жаңа орталықтар құру керек. Бұл ұлттық валюталарды қолданып, бизнес арасында есеп айырысуды жеңілдететін клиринг орталықтары болуы мүмкін.

«Еуразиялық апта» форумының басты міндеттерінің бірі – үкіметтік мекемелер мен бизнес қауымның ұстанымдарын жақындастыру. Үкімет тауарлардың еркін қозғалысы үшін барлық жағдай жасауы қажет, ал кәсіпкерлер тауар айналымын арттыруы керек. Форумда айтылғандай, одаққа мүше елдер арасында өзара әрекеттесу неғұрлым тиімді болса, соғұрлым одақтың өзге серіктестерінің де жаңа нарыққа қызығушылығы арта түседі.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы