389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан жылына 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіреді

  • 214
  • UPD: 18:30, 26.09.2019

Мұнай мен газ 2040 жылға дейін әлемдегі негізгі қуат көзі болып қала береді.

Тіпті олардан жасалған өнімдерге сұраныс артып, өндіріс көлемі тәулігіне 112 миллион баррельге дейін жетеді. Бүгін мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо елордада өтіп жатқан XII «Кazenergy» форумында осындай болжамымен бөлісті.

«Қазақстан жылына 90 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді. Бұл елімізді әлемдегі 15 ірі өндірушінің қатарына қосады». Бүгін форумның салтанатты ашылу рәсімінде премьер-министр Асқар Мамин осылай деді. Оның айтуынша, биыл Қазақстан 17,2 миллион тонна мұнай өңдеуді жоспарлап отыр. Табиғи газ өндірісі 55 миллиард текше метрден асады деген болжам бар. Ендігі меже – алдағы сегіз жылда бұл көрсеткішті 80 миллиардқа жеткізу.  

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Экономиканың тұрақтылығы мен электер энергиясын өндіру жөнінен аймақтық көшбасшы ретіндегі позициямыз нығая түсті. EXPO 2017 көрмесі Қазақстандағы баламалы қуат көздері индустриясын дамытуға зор үлес қосты. Сондай-ақ жасыл экономиканы өркендетуде біраз жетістікке жеттік. Жаңартылатын энергия көздері портфелін 3000 мегаваттқа дейін кеңейттік. Жер қойнауын пайдалану кодексі мен заңнама, инвестициялық климат әлемнің ірі өндірушілерінің талаптарына сай келеді.

Қазақстан астанасына биыл да саладағы сөзі өтімді, ықпалы күшті меймандар келді. Олардың қатарында мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо да бар. Елімізге алғаш рет ат басын бұрған ол көпшілік алдында қазақтың тақиясын киіп, сөз сөйледі. Қазақстанның әлемдік нарықтағы орнын атап өтіп, Қашаған кен орнын көруге баратынын айтты. Сондай-ақ әлемнің назары ауған Сауд Арабиясындағы жағдайға қатысты пікірін білдірді. 

Мұхаммед Баркиндо, мұнай экспорттаушы елдер ұйымының бас хатшысы:

– Бұл шабуылдың салдарынан 5-6 миллон баррель нарықтан алынып тасталды. Нәтижесінде мұнай бағасы 7 процентке қымбаттады. Мұндай бағаның ауытқуы соңғы 30 жылда болған емес. Бір минуттың ішінде 7 баррель жоғалып кетті. Сондықтан өндірісті дамыту мен нарықтағы тұрақтылықты сақтау өте маңызды.

Форум алаңы пікірталас пен екіжақты келіссөздердің алаңына айналды. Еліміздің энергетика министрлігі бірнеше халықаралық ұйыммен келісімге қол қойды. Мәселен, Азияның даму банкі Қазақстанда жүзеге асатын бірнеше жобаға қаржы бөлетін болды.

Қанат Бозымбаев, ҚР энергетика министрі:

– Біріншіден, баламалы энергетика көздері. Екіншіден, мұнай-газ химиялық бағыт, үшіншіден, газ пайдаланатын энергетика станциялары. Осы негізгі үш бағыт бойынша жұмысты жалғастырамыз.

«Кazenergy» форумы 10 жылдан астам уақыт ішінде энергетика мәселесіне арналған басты құрлықтық шаралардың қатарына қосылды. Жыл сайын оған әлемнің 50-ден астам елінен 2 мыңға жуық маман қатысады. Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдар мен алпауыт компания өкілдері жиынның тұрақты меймандарына айналды. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы