389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында көп балалы отбасы алған қайтарымсыз грантқа кәсібін дөңгелетті

  • 393
  • UPD: 23:59, 27.09.2019

Мал басын көбейтіп, қожалық құру. Ақтөбелік көп балалы жанұяның отағасы Берік Төрехановтың мақсаты осы. 

Мемлекеттің қолдау шаралары аясында кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгерген ол қайтарымсыз грант ұтып, қой өсіруді қолға алды.

17 бас қойдың осы үйдің қорасына келгеніне бір айдан асты. Дәл осы күнге жетуді Берік Төреханов ерте көктемде бастаған. Аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқып, тиісті сертификатты иемденеді. Бұл, тұрақты табысы болмаған бұрынғы жұмыссыз жанның кәсіп бастауына мол мүмкіндік туғызды. Ал, 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алуы, өзінің бизнес жоспарында көрсеткен мал шаруашылығын ерте бастауға септігін тигізді.

Берік төреханов, Алға ауданының тұрғыны:

- Қазақы қойларды алдық. Қара, суыққа төзімді. Тебіндікке мықты қойлар, қыста да жайылысқа төзімді келеді. Аурушаң болмайды бұлар. Соларды көбейтеміз деген ойымыз бар.

Ауылда мал бағып өскен Берік үшін бұл кәсіп таңсық емес. Қысқа қажетті жем-шөп қоры да дайын. Әрі Шекшек ата тұқымын жақсы күтіп-баптап, көбейтудің де жолын біледі. Сондықтан алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, шаруа қожалығын құратынына да сенімді. Отбасында бес бала өсіп келеді. Үлкені 13-те, кішісі бір жарым жаста. Соңғы бірер айдан бері жанұяға атаулы әлеуметтік көмек те көрсетілуде. Бұл көп балалы отбасы үшін үлкен қолдау боп тұр.

Зина Алдоңғарова, Алға ауданының тұрғыны:

- Атаулы әлеуметтік көмек алып отырмыз. бала басына 21 мың теңгеден. Киімдеріне, оқу құралдарына көп көмек тиіп жатыр. Өзім қазір үйдемін, баламен отырмын.

Биыл мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған отбасы мүшелері бүгінгі тірліктеріне риза. Себебі, өміріміз оңынан өзгерді дейді. Алға ауданы бойынша осы жылы бес бірдей көп балалы жанұя жеке ісін ашқан.

Нұркен Бердібаев, Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен қазіргі таңда 3 отбасына біз біржолғы көмек төленді. Сол көмекке сәйкес, өздерінің кәсіптерін ашып, айналысып отыр. Онымен қоса, ауданымызда осы тамыз айында 28 адамға біз 200 айлық есептік көрсеткіш грант бердік қайтарымсыз. Өз кәсібін ашам деушілерге. Онығ ішінде бесеуі көп балалы отбасылар болып табылады. 

Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаспақ. Себебі кәсіп бастауға неитті жандардың қатары көп. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Көп балалы отбасыларды қолдау шаралары бұл ауданда әрі қарай жалғаса бермек. Алдағы екі айда кәсіп ашқысы келетін тағы 30 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Әрқайсысына 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражат берілмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы