388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда инвесторлар апталығы өтіп жатыр

  • 228
  • UPD: 22:49, 01.10.2019

Ақтауда «Астана» халықаралық қаржы орталығына мүше инвесторлардың кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл апталық бағалы қағаздар жөніндегі комиссияның қолдауымен әлемнің 80 елінде жыл сайын өтіп тұрады. Елбасының бастамасымен құрылған «Астана» қаржы орталығы осы іс-шараның Қазақстандағы серіктесі. Биылғы бағдарлама еліміздің жеті бірдей қаласын қамтып отыр.

Бұл кездесу халықаралық қаржылық қызмет түрлерін пайдаланушылардың құқығын қорғау, инвестиция салу мен жеке кәсіп жүргізудің оңтайлы шарттарын көпшілікке түсінікті тілмен жеткізуді көздейді. Бизнес жиынның осы бөлімі аймақ кәсіпкерлерін ерекше қызықтырып отыр. Олар «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелу, оның білім беру бағдарламалары жайлы ақпаратпен еркін танысып шықты.

Руслан Жилкин, кәсіпкер:

Осы тектес бизнес жиынға бұған дейін бірнеше рет қатыстым. Әр кез көкейге түйгенім, жеке кәсіпті дамытуда кәдеге жарап келеді. Өз басым ұн өнімдері мен ешкі сүтін күнделікті саудаға шығарып отырмын. Осы ісіме инвестиция керек. Бұған дейін ресейлік бизнесмендермен келіссөздер жүргізгем. Бүгінгі апталықтан да жаңа әріптестер табуыма сенімдімін.

Қазақстандағы жаһандық қаржы орталығы арқылы аймақтарда жүзеге асқан және құрылысы басталған жоба саны жыл санап өсіп келеді. Олардың қатарына Маңғыстау облысы да кіреді. Мәселен, Ақтауда зәулім қонақ үй кешенін тұрғызу жоспарда тұр. Бүгінде бұл бастамаға инвестиция тартылуда.

Нұрлан Еспағанбетов, АХҚО тіркелуді қолдау департаментінің директоры:

- Қазақстан тарапынан осы жобаға жуырда құрылған инвестициялық даму қоры қатысып отыр. Бастама мерзімінде жүзеге асқан жағдайда теңізбен шектесетін аймақтың турист қабылдау қарқыны артары сөзсіз.

Аймақ әкімдігі мен «Астана» қаржы орталығы арасында әріптестік меморандум бекуі жергілікті бизнес өкілдерін қуантып отыр. Енді осы келісім негізінде алыс-жақын мемлекеттегі қаржы ұйымдарына тікелей шығып, өңірге инвесторлар тартуға мүмкіндік туды.

Болатбек Қуандықов, АХҚО төрағасының кеңесшісі:

Осы қазіргі кезде бірнеше жобаларды жүзеге асыруға жұмыстар жасалып жатыр. Алдағы уақытта қаржы орталығы өз тарапынан осы өңірлерге, оның ішінде Маңғыстау облысына да қаржы тартуға өз жұмысын жасайтын болады.

Осы кездесуге келіп отырған кәсіпкерлерге әр сала бойынша оның ішінде «жасыл» қаржыландыру, ислам қаржыландыру сияқты басқа да сұрақтарға жауап берілетін болады.

Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы былтыр жұмысын бастады. Ол кездегі рейтингі әлем бойынша 81-орында еді. Мемлекетімізде қабылданған саяси оң шешімдердің нәтижесінде биыл 51-қатарға көтеріліп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы