389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Берлинде Қазақстан мен Германияның бірлескен бизнес-форумы өтті

  • 171
  • UPD: 08:33, 09.10.2019

Басқосуда неміс кәсіпкерлері Қазақстанға 700 миллион еуро инвестиция салуға ниетін білдірген.

Бұл туралы келісімге Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары барысында қол қойылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Германия - Қазақстанның Еуроодақтағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Соңғы 14 жылда неміс фирмалары еліміздің экономикасына 8 млрд доллардан астам қаражат құйған. Және мұнымен шектелгісі келмейді. Премьер-министр орынбасары Роман Скляр бастаған ауқымды делегация жаңа инвестициялық жобаларды талқылау үшін бизнес-форумға барды. Роман Скляр баяндамасында неміс бизнесі үшін Қазақстанда ашылатын мүмкіндіктер туралы айтып, оларды ынтымақтасуға шақырды.

Аманияз Ержанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

- Германия бизнес-қауымдастығының қызығушылығы бар кез келген форум өткізгенде, біз үлкен нәтиже күтеміз. Бұл тек жеке құжаттар қабылдаумен шектелмейді, серіктестігімізде жаңа бағыттарды игергіміз келеді. Әсіресе, цифрлық технологияда. Неміс әріптестеріміздің цифрландырудағы ең жаңа заманауи технологияларын Қазақстанға әкелуге ынталы екенін байқадық.

Ульф Вокурка, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ тәуелсіз директоры:

- Форумда Қазақстанда өтіп жатқан реформалар туралы білуге мүмкіндігіміз болды. Сондай-ақ инновациялар менеджменті және Индустрия 4.0 бағдарламасы жөнінде көп ақпарат алдық. Бұл Германия және Қазақстан үшін де өте өзекті тақырып. Бірқатар нақты ұсыныстар жасалды, бірлескен жобаларымыздың болашағы зор.

Еуропада елімізге қызуғышылық расында да жоғары. Бизнес-форумға 200-ден аса делегат қатысты. Олардың арасында шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар, Кнауф, Класс және СМС Групп секілді ірі компаниялардың жетекшілері болды.

Йоахим Голдбек, «Goldbeck Solar» компаниясының басқарушы директоры:

- Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанға инвестиция құя бастадық. Екі жобаны іске асырдық, қуаты 100 мегаВат, біреуіне шамамен 100 млн доллар, ал қуаты 50 мегаВат екінші жобаға 45 млн доллар жұмсадық. Бұл салынып біткен нысандар. Электр қуатын өндіріп келеді. Әлі шешім қабылдай алмай жүргендерге Қазақстанға инвестиция құюға кеңес беремін.

Форум аясында цифрландыру, логистика, геологиялық барлау және азық-түлік қауіпсіздігі талқыланған пікірсайыстар өтті. Қос елдің делегаттары ауылшаруашылық, білім беру және жасыл энергетика салаларында ынтымақтастықты талқыға салып, тәжірибе алмасуға келісті.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы