387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франциялық 150 компания Қазақстан экономикасына инвестиция салудың тиімді тұстарымен танысты

  • 306
  • UPD: 09:45, 10.10.2019

Парижде Қазақстан мен Франция арасында бизнес-форум өтті.

Басқосуда екі ел арасында қалыптасқан іскерлік әріптестікті әрі дамытып, жаңа байланыстарды орнатудың жолдары қарастырылды. Эйрбас ұшақтарын жасауда қазақстандық титан қолданылатынын және Францияның атом электр стансалары отын ретінде біздің уранды пайдаланатыны бәріне мәлім. Ал бұл форум қорытындысы бойынша Қазақстанда мұнай-химиялық ірі кешен салу туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды.

Бұл залда Францияның бетке ұстар іскер қауымы жиналған. Халықаралық компаниялар мен салалық одақтардың жетекшілері және кәсіпорын басшылары Қазақстанмен жақынырақ танысуға ынталы. Ал еліміздің инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған форум осындай мүмкіндік беріп отыр.

Ермек Көшербаев, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Бұл – Франция мен Қазақстан арасында өткен үшінші форум. Осыған дейін цифрландыру және ауыл шаруашылығы бойынша кездескен едік. Ал бұл бүкіл жетістіктеріміз бен келісімдерімізді қорытындылаған басқосу болды.

Айдан Кәрібжанов, Қазақстан-Франция іскер кеңесінің төрағасы:

– Қатынастарымыз сәл бәсеңдей бастаған еді. Президент Тоқаевтың Францияның экономика және қаржы министрі Бруно Ле Мэрмен шілде айында өткен кездесуі оған қайта серпін берді.

Бұл жиында франциялық 150 компанияның өкілі Қазақстан экономикасына инвестиция салудың тиімді тұстарымен танысты. Елімізден бұл форумға бірнеше министрліктердің, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдері барған. Соңғы 14 жылда Франция тарапы Қазақстан экономикасына 15 жарым миллиард көлемінде инвестиция құйды.

Ги Сидос, «Vicat» компаниясының бас директоры:

– Қазақстандағы батыс компаниялары инвестицияларының сақтығына сенімді. Қазақстан үкіметі де, Франциядағы дипломатиялық өкілдігі де ағымдағы мәселелерді шешуге үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мен Франция кәсіпорындарын Қазақстанға инвестиция салуға шақырып отырмын.

Бүгінде Қазақстанда Франция капиталының қатысуымен 130 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында бүкіл әлемге әйгілі Альстом, Тоталь, Орано корпорациялары бар. Мәселен, жақында техникалық газ өндіруші компания - Эйр Ликид нарығымызға кірген. Жергілікті серіктесінің сенімділігіне көзі жетіп, жаңа кешен салу туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.

Паскаль Лоро, Франция СІМ Орталық Азиядағы экономикалық дипломатия бойынша арнайы өкілі:

– Осындай шаралар жоғары деңгейде диалог ұйымдастырумен қатар, кәсіпорындарға өзара байланыс орнатып, ынтымақтасу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл – әрине өте пайдалы әрі маңызды іс.

Форум аясында түрлі компаниялардың өкілдерімен екі жақты кездесулер өткен. Қазақстан экономикасы үшін негізінен Францияның үш саласы - баламалы энергетика, цифрлық технологиялар және азық-түлік өндіру үлкен қызуғышылық тудырып отыр.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы