388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран мен ЕАЭО іскерлік ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды

  • 135
  • UPD: 23:49, 12.10.2019

Бішкекте Иран және Еуразиялық экономикалық одақ арасында іскерлік ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.  Иранның бизнес қауымдастығы бұл құжаттан зор үміт күтеді. 

«Еуразиялық апта -2019» халықаралық көрме форумы Иран сауда палатасы мен жергілікті іскер қауымы үшін табысты өткені сөзсіз. Палата өкілі Голям Хосейн Шафеи Еуразиялық экономикалық одақтың Іскер кеңесімен сауда, тау-кен өндірісі және ауылшаруашылық салалары бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл келісім Иран кәсіпкерлері үшін үлкен пайда. Осы меморандумнан кейін Иран сауда палатасының жартысынан астамы, яғни 13 мыңға жуық ірі кәсіпорын серіктестік орнатуға ниет білдірді. Бұл жобалар қараша айының басында Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше әріптестеріне ұсынылады. 

Камран Шейхольэслами, халықаралық саясат маманы:

- Ирандағы жекеменшік кәсіпкерлердің көбіне инвестиция ауадай қажет. Олар серіктестерінің салған әр тиынын өтеуге дайын. Әсіресе Еуразиялық аймақпен іргелес провинциялардың бизнесмендері белсенді. Иран Еуразиялық экономикалық одақпен сауданы дамытуды қолдап отыр. Бұдан барлық елдер пайда көреді. 

Қос тарап та транзитке үлкен үміт артады. Иран және Еуразиялық экономикалық одақ солтүстік-оңтүстік және батыс-шығыс бағыттарындағы негізгі жол торабында орналасқан. Иран өкіметі бір жыл мерзімде қосымша логистикалық орталықтар салуды және транзитті қамтамасыз ететін қаржылық құралдарды әзірлеуді көздеп отыр.  

Мэхди Бозорг, саясаттанушы:

- Қазір Иранның сауда палатасы Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестерімен бірлесіп жол картасын әзірлеуге кірісті. Транзит үшін ең қолайлы жолдар, мердігер компаниялар зерттеліп жатыр. Алдағы айларда жоба бекітілуге ұсынылады деп ойлаймын. Бұл қадам елдеріміздің нарықтарын жақындастыра түседі. Қазақстанға келетін болсақ, меморандум аясында бұл елден сатып алынатын ет пен астық мөлшерін арттыратынымызға сенімдімін. 

Жуырда Ирандағы Анзали теңіз айлағы және Ақтау айлағы арасында ынтымақтасу меморандумына қол қойылды. Бұл құжат Қытай-Қазақстан-Иран бағдары бойынша жүк тасымалын арттыруды және кәсіпкерлерге қажетті айлақтық инфрақұрылымды іске қосуды қарастырып отыр. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы