425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетаудағы зауыт жыл басынан бері бір мыңнан астам техника шығарған

  • 853
  • UPD: 14:59, 24.10.2019

Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыт өндіріс көлемін арттырып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

2016 жылы ашылған кәсіпорында былтыр 1 мыңнан астам дайын өнім шығарылса, бұл көрсеткішке биыл тоғыз айдың ішінде-ақ қол жеткізілген. Айта кетейік, аталған өндіріс ошағы – Қазақстан мен Беларусьтің біріккен жобасы. Мұнда тракторлардан бастап, жер өңдеу, шөп жинау және астық себуге қажетті техникалардың көптеген түрі шығарылады.

28 жастағы Тоқтар Сағиев мұнда зауыт ашылғалы бері еңбек етіп келеді. Алғашында қарапайым жұмысшы болған ол қазір құрастыру бөлімінің шебері. Яғни Беларусьтен келген қосалқы бөлшектерді қабылдап алудан бастап олардан дайын техника құрастырып шығаруға дейінгі процестің барлығына өзі жауапты.

Тоқтар Сағиев, құрастыру бөлімінің шебері:

Бір тракторды кемінде 16-20 сағат уақыт кетеді. Оған 10 адам жұмылдырылған. Айына 45-50 трактор шығарамыз. Болашақта бұл тракторлардың кейбір қосалқы бөлшектерін өзіміз шығарамыз деген ойда бар. Бұл әзірге жоспарлануда. Оның ішінде темірден жасалынатын барлық қосалқы бөлшектері бізде өзімізде цехта өндіруге болады.

Зауыттағылар өнімнің қазақстандық үлесін арттыруға да тырысып келеміз дейді. Мәселен, тракторлардың барлық заттары шетелден әкелінгенімен, тіркемелер мен тұқымсепкіштердегі қосалқы бөлшектердің жартысына жуығы осында өндіріледі. Ал соқа, жер тегістейтін қондырғы секілді дүниелердің барлық детальдары зауыттағы цехта әзірленеді.

Шыңғыс Әбішев, кәсіпорынның атқарушы директоры:

Біз биыл астық жинайтын комбайндар шығара бастадық. Ал былтыр тұқымсепкіштер өндірісін қолға алған болатынбыз. Жалпы, жыл сайын техника түрлері мен өнім көлемін арттырып келеміз. Мәселен, зауыт іске қосылғалы бері өндіріс көлемі кемінде 3 есеге көбейді. Бұл көрсеткіштер алдағы жылдары тағы еселенеді.

Кәсіпорында қазір 100 шақты адам еңбек етеді. А, келесі жылдан бастап зауыттың екінші кезеңінің құрылысы басталмақ. Ол іске қосылса, өнім көлемі тағы 4-5 есеге артып, жұмысшылардың қатары 150-ге жеткізілмек.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы