386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында фри картобын шығаратын фабрика ашылады

  • 194
  • UPD: 15:25, 31.10.2019

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Нидерландқа ресми сапармен барды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. 

Ол бұл елдің премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан‒Нидерланд бизнес-форумының ашылуына қатысты. Нәтижесінде түрлі салаларда екі ел арасында ынтымақтасу жөнінде бірнеше құжатқа қол қойылды. Жақында қос тарап бірлесіп ғарыш зерттеулерін жүргізуге кіріседі. Сондай-ақ Жамбыл облысында фри картобын шығаратын фабрика ашылмақ. Бұл жоба 145 миллион долларға бағаланды.

Нидерланд – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Тәуелсіздік жылдары бұл елден Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағымы $92 млрд-тан асты. ҚР-да Нидерланд капиталының қатысуымен 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 6,5 млрд долларды құраған. Асқар Мамин Марк Рюттемен кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, энергетика, қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге келісті. Үкімет басшылары қос елдің 200-ден аса кәсіпкері қатысқан 5-бизнес-форумның ашылуына қатысты. Оның аясында түрлі салаларда ынтымақтасу жөнінде бірнеше құжат қабылданды. 

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Қазақстан Дүниежүзілік банкінің бизнес жүргізу рейтінгісі бойынша 28-орыннан 25-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз Исландия, Австрия, Ресей, Жапония мен Испанияны артта қалдырып отыр. Алдағы 5 жылда Шикізаттық емес секторға 120 млрд доллар көлемінде қаржы тарту үшін инвестициялық портфель жобасын құрдық. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, Ай-ти технологиясы, мұнай химия саласы, автокөлік құрылысы, туризм мен көлік логистикасы бар. Ол үшін елде барлық жағдай жасалған.

Марк Рютте, Нидерланд премьер-министрі:

– Нидерланд көп жылдан бері Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор болып саналады. Қазақстан да біздің елге инвестиция құйып отыр. Қазақстан экспорт көлемінің 10 пайызын біздің елге, ал 20 пайызын Еуроодақтың өзге еліне инвестициялайды. Бұл кездесу екі елдің де бизнес компанияларына жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз өз тарапымыздан бұл бастамаларды барынша қолдауға дайынбыз.

Қазақстан делегациясының Нидерландтың ірі компанияларының өкілдерімен кездесуінде тараптар энергетика, деректердің өңдеу және блокчейн-технологиялардын бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Уаэл Сауан, «Shell» компаниясының барлау мен өндіру бөлімінің директоры:

– Біз Қазақстанда көп жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Премьер-министрлеріңізбен кездескенде жұмысымыздың жетістіктері мен алдағы жоспарларымыз жайында сөз қозғадық. Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарындағы жобалардың болашағы зор. Алдағы жылдары да жетістіктерге жету үшін жаңа мүмкіндіктер іздейтін боламыз.

Валерий Вавилов, «Bitfury» компаниясының бас директоры:

– Қазақстанға инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Біз блокчейн, жасанды интеллект сынды жаңа технологияларды енгізуге көмектескіміз келеді. Қазіргі таңда «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұған қоса, өз алаңымыздың құрылысы мен Қазақстан аумағында жұмыс істейтін команданың зертханасын құруға инвестиция салып жатырмыз.

Жоз Ден Боер, «Farm Frites Kazakhstan» компаниясының бас директоры:

– Қазақстанның оңтүстігінде мұздатылған фри картобы мен басқа да өнімдерді дайындайтын фабрика құрмақпыз. Бұл жобаны аймақтың жоғары әлеуетіне байланысты қолға алып отырмыз. Жалпы елдеріңіз шетел инвесторларын тарту мәселесінде өте мықты және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлеуеті өте жоғары.

Жылыжай бағбаншылығына арналған білім және инновациялар орталығында делегациямызды жас студенттердің стартаптар-шеберханасымен ал өзге бір инновациялық орталықта «хайперлуп» көлік жүйесін шығару барысымен таныстырды. Бұл жүйе жолаушылар мен жүкті сағатына 1200 шақырым жылдамдықпен тасымалдауға мүмкіндік береді. Авторларының айтуынша, осы жүйені Қазақстанның кең-байтақ жерінде қолдануға болады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы