386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық өндірушілер Ресей нарығының ерекшеліктерін біле бермейді

  • 152
  • UPD: 11:21, 06.11.2019

Қазақстандық кәсіпкерлерге Ресейдің шекаралас аймақтарында белсенді әрекет етуге қандай кедергілер бар? «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, «Рос-сель-хоз-надзор» соңғы жарты жылда 16 қазақстандық компанияның тауарларын кіргізуге тыйым салған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санкциялар тек екеуінен алып тасталды. Сарапшылардың пікірінше, қазақстандық өндірушілердің кедергіге тап болуы көрші елдің сауда ерекшеліктерін білмеуінен туындайды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметі бойынша қазақстандық өндірушілер көбіне фитосанитарлық шаралар, тексеруші органдардардың қатаң бақылауынан туындаған кедергілерге шағымданады. Комиссия да мұндай мәселенің барын жоққа шығармайды. Және оларды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен биыл 17 сауда кедергісі алынып тасталған. 

Серік Жұманғарин, ЕЭК бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі:

– Кедергінің 30 проценті сыртқы нарықта туындаса, 40 пайызын кәсіпкерлердің өздері істейді. Тағы 30 процент кедергі ішкі нарықта болады. Мысалы, Қазақстанның өзінде экспортқа құжаттарды дайындау үшін 3 күнге дейін уақыт кетеді. Тез бұзылатын тауарлары бар кәсіпкерлер шекарада 2 күн тұрып қалуы мүмкін. Бизнесмендердің көбі тауар сапасы, техникалық реттеу, санитарлық талаптарды білмейді.

Қазақстанның сауда өкілдігі де кәсіпкерлердің екі ел арасындағы сауда ерекшеліктері туралы хабардар етуге күш салып келеді. Ресейдің 11 аймағында осы мекеменің өкілдігі жұмыс істейді.

Руслан Бисенғалиев, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігінің уәкілі:

– Ресей аймақтарында Қазақстан сауда өкілдігінің қоғамдық уәкілі деп аталатын институт бар. Мен Саратов облысына жауаптымын. Қазақстандық өндірушілрге осы нарыққа шығуға көмектесемін. Еліміздің кәсіпкерлері Ресей нарығын, оның ерекшеліктерін жеткілікті зерттемейді. Мұндай сараптамасыз кез-келген нарыққа шығу мүмкін емес.

Кедергілер мен қиындықтарға қарамастан шекаралас аймақтардағы ынтымақтастық жалғасуда. Бірлескен жобалар интеграцияның тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, ресейлік Ритейл-компанияның бірі қазақстандық жылыжай кешенімен серіктестік орнатқан.

Екатерина Воробьева, Ритейл-компанияның сатып алу бойынша менеджері:

– Бұл келісімнің тиімділігі сонда біз оңтайлы бағамен сапалы өнімдерге қол жеткізіп отырмыз. Олар баға жағынан өте тиімді. Ал қазақстандық серіктестер үшін бұл тұрақты нарық.

Еуразиялық экономикалық комиссия  қосарлы сертификаттау, бақылау жүйелері сынды мәселелерді шешуге күш сала бермек. 

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев.

Хабар 24 телеарнасы