387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған қаржы 1,5 есеге артады

  • 129
  • UPD: 21:18, 06.11.2019

Алдағы алты жылдың орайында жаңағы шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімнің үлесі 35%-ке жетуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасында осындай меже бар. Құжаттың жобасы бүгін Үкіметте қаралды. Сәтін салса, бағдарлама келер жылдан қалмай жүзеге аса бастайды.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Себебі соңғы бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 миллион 300 мыңға жетті. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 28,4%-ке дейін артты. Жұмыспен қамтылғандар саны 300 мыңға өсіп, 100 мыңнан астам адам бизнес жүргізу бойынша білім алды. Мемлекеттік бағдарлама алда тағы бес жылға жалғасады.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Жобада мақсаттар мен міндеттер сақталды. Қолдау құралдары жетілдірілді. Олардың тиімділігі мен қолжетімділігі артты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасында нысаналы индикаторлар көзделген. Олар еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес келеді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін кем дегенде 35%-ке артады. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесін кемінде 13,4%-ке жеткізу болып белгіленген.

Соңғы бес жылда Қазақстан кәсіп ашудың жеңілдігі бойынша Doing Business рейтингінде 16 сатыға жоғарылап, 25-орынға жайғасты. Әрине, бұл көрсеткішке мемлекеттік бағдарламаның қосқан үлесі зор. 2015 жылдан бері оны жүзеге асыруға 282 миллиард теңге жұмсалды. Алдағы бес жылдықта каржы көлемі тағы артады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Президенттің тапсырмасы бойынша жаңа бағдарлама аясында алдағы бес жылға біз 421 миллиард теңге қаражат қарастырдық. Ол аяқталып жатқан бағдарламаның қаражатына қарағанда бір жарым есеге көп. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қазір бағдарламаны барлық операторлар мен әкімдіктердің арасында үйлесімді жұмысты жолға қою керек.

Келер жылдан бастап ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жақсартуға да басымдық беріледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында халық саны артып, даму үрдісін көрсеткен үш жарым мыңдай елді мекен іріктелді.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Аталған ауылдарда 6,6 млн адам немесе ауыл халқының 85%-і тұрады. Бұл ауылдардағы мәселелерді кешенді шешу үшін айтарлықтай қаражат қажет. Алдын ала есептеулер бойынша 900 млрд теңге қажет. Бұл ретте республикалық бюджеттен 70% немесе 630 млрд теңге. Ал қалған 30% немесе 270 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлу ұсынылады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Жобаны іске асыру аясында 7 жыл ішінде ауылдардың барлық инфрақұрылымын жаңарту, 7 мың шақырымнан астам жолды және ауылішілік көшелерді салу және жөндеу тіршілікті қамтамасыз ететін инженерлік желілерді салу, сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерін реконструкциялау және салу, сонымен қатар 130 мың жаңа жұмыс орындарын құру арқылы 7 млн-ға жуық ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту

Биылдың өзінде 30 млрд теңгеге 53 ауылда 452 инфрақұрылымдық жоба іске асып жатыр. Бұдан бөлек, туған ауылын абаттандыруға атсалысып жатқан азаматтар да аз емес. Десе де, жоспарды жүйелі жүзеге асыру үшін бюджеттен тыс қаражат тартып, өңір басшылары тиісті жобалық құжаттарды дер кезінде әзірлеуі қажет.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы