387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев пен В.Путин Омбыдағы форумда қандай мәселелерді талқылады

  • 197
  • UPD: 23:27, 07.11.2019

Омбыда Қазақстан мен Ресейдің он алтыншы өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған екі ел басшылары, үкімет мүшелері мен бизнес өкілдері қатысты. Жалпы ел мүддесі үшін екі президент жиі жолығып отырады. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері көрші елге 3 рет сапарласа, Владимир Путинмен бүгінге дейін 4 рет екіжақты кездесу өткізген. Бүгінгі кездесуде екі жақ шекара маңында туындайтын түйткілдерді шешу жолдарын талқылады.

Бұл жолы іргедегі көршіміз ауқымды аймақаралық жиынға ұйытқы болып отыр. Форум алғаш рет 2003 жылы осы қаладан бастау алған болатын. Омбы араға 16 жыл салып, тағы да қос елдің делегациясын қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өңірлеріміз арасындағы алыс-беріс жалпы тауар айналымының 10 процентін құрап отыр. Ол тұрақты деңгейде артып келеді. Біз өнеркәсіптік кооперацияда, ауыл шаруашылығында айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Алға жылжу бар. Алдағы уақытта әріптестікті арттыру үшін барынша күш-жігер жұмсаймын.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

– Ресей үшін ең жақын серіктес мемлекет – Қазақстанмен байланыс бекем. Былтыр тауар айналымы 14 процентке өсті. Инвестициялардың ағыны да артты. Әсіресе ірі жобаларға жұмсалатын қаржы көлемі көп.

Ұсақ-түйек саудадан екі мемлекетке де келіп кетер пайда шамалы. Нарықта жеке-дара шапқаннан бірігіп іс қылған тиімдірек. Сондықтан Қазақстан Президентінің осы көктемде Мәскеуге жасаған сапары кезінде екі ел өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдаған болатын. Араға жеті ай салып, бағдарлама өз жемісін беріп үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бағдарлама аясындағы алғашқы жобаны біз іске қостық. Бұдан былай, Қостанай трактор зауытында «Кировец» тракторлары құрастырылатын болады. Жаңа зауыты жылына 500-дей трактор құрастыруға қауқарлы. Сондай-ақ Ресей кәсіпкерлері үшін Павлодар мен Атырау облыстарында алюминий, мұнай-химия кластерін дамытуға бар жағдай жасалған. Мен биыл Солтүстік Қазақстан облысында арнайы экономикалық аймақ құруды мақұлдадым. Бұл әсіресе, Омбы облысымен арадағы кооперациялық байланысты дамытуға серпін береді деп ойлаймын.

Біз Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі дегенді жиі айтамыз. Өйткені шекаралас жатқан соң алыс-берісіміз аз емес. Былтыр 19 миллиард долларға жеткен. Тауардың екпіні ғана емес, көрші елдің Қазақстанға салған инвестициясы да қомақты. Соңғы 10 жыл төңірегінде 14 миллиард долларға жетті. Біз де көрші елдің қоржынына 4 миллиардқа жетеқабыл қаражат құйдық. Бірақ тараптар ел әлеуетін әлі де толық пайдаланып отырған жоқпыз дейді. Қазақ басшысы ұсынған бастама – шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің Қытаймен арада осыған қатысты тәжірибеміз бар. Қазір Өзбекстанмен де осы тәрізді жобаны талқылап жатырмыз. Бұл бастама өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймайды, транзиттік-транспорттық әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлар Ресей нарығында жоғары бағаланады. Бірақ Ресейдің кейбір өңірлері сауда сөрелеріне қазақстандық тауарларды қоюға құлық танытпайды. Сылтаулары сан түрлі. Тіпті зертханалық талдаудан өтпей қалды деген желеумен тонналаған тауарды кері қайтаратын кездері бар. Кәсіпкерлердің бұл машақатын біздің министрліктер де растайды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Заңнамалық ретінде барлық титісті шешімдер бар. Бірақ өңірлердің басшылары осынадай қолдан шыққан ккедергілерді тудырып отыр. Мысалы, сауда сеттері біздің тауарға 2-3 сөрелерін ғана беріп отыр.

Шынар Асанқызы, тілші:

– Жалпы бұған дейінгі 15 форумның шеңберінде 175-тен астам келісімге қол қойылса, олардың қатары тағы 8 құжатпен толықты. Омбыдағы бұл уағдаластықтар жоғарыда айтып өткен түйткілдердің тігісін жатқызуы тиіс енді. Ал саясатпен де, үлкен экономиканың ұңғыл-шұңғылымен де ісі жоқ қарапайым халыққа керегі осы. Барыс-келіс, алыс-беріс үзілмесе болғаны.

Хабар 24 телеарнасы