387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық «Каспий Битум» кәсіпорыны шикізатты тұтынушыға сапалы күйінде жеткізеді

  • 97
  • UPD: 22:47, 08.11.2019

Отандық зауыттар жоғары сапалы битум шығарудан Ресей мен Беларусь кәсіпорындарынан қалыспайды. Мәселен, Ақтаудағы «Каспий Битум» кәсіпорыны шикізаттың сапасын жоғалтпай тұтынушыларына жеткізе алады.

Ендігі мақсат ішкі және сыртқы нарыққа шығарылатын дайын өнім көлемін арттыру. Экспорт әлеуетін көтеру мәселелері компанияның 10 жылдығы аясында өткен ІІ халықаралық ғылыми-техникалық конференцияда жан-жақты талқыланды.

Жаһандық конференцияны «Каспий Битум» бірлескен кәсіпорны» серіктестігінің өткізуі тегін емес. Елімізде өндірілетін битумның 40-тан астам процентін осы зауыт қамтиды. Мекеменің он жылдық тәжірибесі бар. Жылына бір млн тонна мұнай өндеп, 400 мың тонна қышқыл және 120 мың тонна модификацияланған битум шығарады. 

Айжан Типан, ҚР ЭМ Мұнай-газ химия басқармасының басшысы:

- Қазақстанда үш ірі зауыт бар, битум өндіретін. Қуаттылықтары 1 млн тонна. Соның негізгісінің біреуі «Каспий Битумның» нарықтағы орыны шамамен 42 пайыз. Жаз кезінде бүкіл зауыттар ең жоғары қуаттылықтарынан да жоғары жұмыс істеп тұрады. Бұл негізі өте үлкен тәуекел. Мысалы, «Каспий Битум» зауыты 3-4 ай қатарынан 110 пайыз қуаттылықпен жұмыс істеп тұрды. Себебі, қажеттілік шілде, тамыз, қыркүйек айларына келіп түсетіндіктен. 

Зауыттың инновациялық өнімді экспорттау әлеуеті жоғары. Соңғы жылдары жол битумын «Биг-бэг» деп аталатын полиэтилен ыдыстарда сақтауға көшті. Оларға құйылған шикізат ұзақ уақыт сапасын жоймайды. Өз кезегінде, жол салушы кәсіпорындардың дайын битумды сақтауға жұмсайтын  шығынын азайтады.

Альберт Тракслер, «Пернер Групп Раша» ААҚ Бас директоры (Австрия):

- Қазақстандық кәсіпорынмен әріптестік байланыс екі жылға жуықтап қалды. Біз бір тоннадан бастап, одан жоғары битум құюға жарамды қапшықтар мен олардың сызбасын жеткізіп отырмыз. Бұл тәсіл шикізатты төсеуден бұрын қызуын сақтау, құрамына қоспалар қосудан арылтады. «Каспий Битум» өнімдері барлық талапқа сай. Құрғақ жүк есебінде шетелге жеткізіп, бір ғана қыздырудан соң жол құрылысына қолдануға жарамды.

Ерболат Қожабаев, «Каспий Битум» БК» ЖШС бас директоры:

- Биыл 9 мыңнан астам тонна жол битумын шығаруды жоспарладық. Қазіргі таңда Маңғыстаудан бөлек шығыс өңірлер мен Алматы облысынан сұраныстарды орындап келеміз. Жалпы алты жылда зауытта 1 млн 200 мың тонна битум өндірілді. Бұл Ақтау мен фин елінің астанасы аралығындағы 3600 шақырым жолға төсеуге жеткілікті өнім. 

Жаһандық маңыздағы жиында битум өндіруші қазақстандық зауыттың  үзіліссіз жұмыс істей алатыны сөз болды. Қатысушылар осы тектес іс-шаралар кәсіпорынның инновациялық технологиялармен жарақтануына жол ашарын айтып тарқасты. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы