384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты 5 жылда рекордтық көрсеткішке жетті

  • 216
  • UPD: 09:03, 11.11.2019

Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты бір жылда 118 мың тонна мыс концентратын өндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – кәсіпорын қолданысқа берілген 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Жыл соңына дейін 45 миллион тонна мыс кенін алу жоспарланып отыр. Толық қуаттылыққа көшкен күннен бастап кәсіпорын барлық өндірісті сандық жүйеге көшірді. Бозшакөл бүгінгі күні аз шығынмен көп өнім алатын әлемдегі ең үздік үш кәсіпорынның қатарына кіреді.

Өндіріске енгізілетін барлық жаңашылдық қауіпсіздіктің алдын алуға бағытталады. Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты сандық жүйені қолданады. Сондықтан оқыс оқиғалар жоқтың қасы. Десек те, адам жүрген жер қауіп-қатерсіз болмайды.

Блиц:

- Біз қазір апатты жағдайға тап боламыз. Қозғалтқыш отқа оранады. Ондайда жұмысшы шұғыл әрекет ету керек. Міне, өртке қарсы қауіпсіздік жүйесі іске қосылып, қозғалтқыштағы жалын сөндірілді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Техногенді апаттан адамдар зардап шегуі мүмкін. Мына симуляторда ауыр тау-кен техникаларында жұмыс істейтін операторлар шеберліктерін шыңдайды. Олар қатаң климаттық жағдайлар мен апаттарға сақадай-сай болуы тиіс.

Василий Поляков, оқу және дамыту орталығының үйлестірушісі:

Симулятор кәдімгі техниканы басқарғандай әсер береді. Онда ауыр көліктерде кездесетін қиындықтардың барлығы ойластырылған.

Кен қазатын ауыр техникалар сырттан бақылаған адамға қауіпсіз болып көрінуі мүмкін. Бірақ шыңырауға түсіп шығу үшін қырағылық қажет.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Төрт жыл ішінде орталық кен орны жердің бетінен 120 метрге дейін тереңдеген. Бұл жерден тәулігіне мыс қоспасы бар 100 мың тоннадай кен алынады. «Барлау жұмыстары кеннің 40 жылдық қоры барын анықтаған. Келешекте бұл жердің тереңдігі 300 метрге жетеді», - дейді мамандар.

Алынған өнім аралас кен байыту фабрикасына жеткізіледі. Кәсіпорында жұмыс компьютермен басқарылып, бейнекамера арқылы бақыланады.

Мұрат Тәженов, аралас кен өңдеу фабрикасының бастығы:

Біз өнімнің мыс концентратын шығарамыз. Біздің бір жылдық қуатымыз 5 миллион тонна кен өңдеу. Соның ішінде мінекей, келесі жылдан бастап біз алдымызға жоспар қойып отырмыз, 6-6,5 миллион кенді өңдеуге қол жеткізу.

Автоманттандырылған сандық технологиялар кен өндірісін 20%-ке арттыруға септігін тигізбек. Келер жылы кенді ұнтақтау технологиясы іске қосылады.

Сергей Леу, Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының бас директоры

Жаңа жобаға сай 5%-ке көтеру мен шыққан шығынның өтелуі алты-жеті аптаны құрайды. Бұл жерде адамның қолымен атқарылатын жұмыс жоқ. 90% шаруа түрлі құрылғылар мен есептегіштердің арқасында жүргізіледі.

Комбинат бастамашыл жастарды ынталандыруды мықтап қолға алған. Кәсіпорын ашылғанда жас маман ретінде келген Аида Тоқсанова бүгін оқу және дамыту орталығын басқарып отыр. Өнертабысы арқылы қарапайым жұмысшыдан кәсіби білікті мамандардың қатарына қосылғандар да бар.

Аида Тоқсанова, оқу және дамыту бөлімінің басшысы:

Жастарға барлық жағдай жасалған. Мұнда оқытудың өте көп түрлері бар. Жәй жұмысшы болып келіп, инженерлік-техникалық кәсіпті меңгеріп шығуға болады. Сонымен қатар бізде кадрлық резерв бағдарламасы бар. Ол қатардағы маманнан басшылық қызметке көтерілуге жол ашады.

Кадрлық резерв бағдарламасы ашылған екі айда 20 түлек жұмысқа қабылданған. Компания олардың санын келешекте арттыруға мүдделі.

Қуандық Рахметов, еңбек қатынастары бөлімінің басшысы:

- Жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас студенттерге тәлімгерлік бағдарламасын ашып, соған бір жылдық мерзімге жұмысқа алып жатырмыз. Егер де тәлімгерлеріміз сол бір жылдың ішінде өздерінің біліктілігін көрсетіп жатса, ары қарай сол тәлімгерлермен біз еңбек шартын жасасамыз.

Атап өтерлігі, Бозшакөл кен байыту комбинатында 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың 524-і жасы әлі 30-ға жетпеген жастар екен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы