376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік шаруалар көкөністің жартысын экспортқа шығарып жатыр

  • 282
  • UPD: 09:39, 12.11.2019

Жыл өткен сайын көкөніс алқабын ұлғайтып жатқан ақтөбелік шаруалар оны өткізудің де жолын тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жергілікті жерде өсірілген жылыжай өнімдерінің жартысы ішкі нарықтың сұранысын қамтыса, қалған бөлігі көрші Ресейге жөнелтілуде. Ал келер жылдан бастап, жеміс-жидектің де көлемін екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Биыл көкөніс егуді қолға алған Данияр Алманов енді бірер аптадан кейін алғашқы өнімін жимақ. Жылыжай салып, қызанақ егу тәжірибелі бағбанның көптен бергі арманы болатын. Жаз бойы ақтөбелік сауда орындарын қауын-қарбызбен қамтитын ол осы жылы күз бен қыс айларында бос отырмауды ұйғарған. Оңтүстік өңірден әкелген «аламина» сұрыпты тұқымын бір гектарға екті. Шығымы жақсы көкөніс қазірдің өзінде сұранысқа ие.

Данияр Алманов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Халықтың сұранысы болғаннан кейін істеп жатырмыз. Ешқандай сұраныс болмаса, мұндай нәтиже болмас еді. Жергілікті өнім болған соң, жиі сұрап келеді. Ресеймен, жергілікті көтерме сауда орындарымен келісім болып жатыр.

Бүгінде қала аумағында 34 гектар аумақты алып жатқан ірілі-ұсақты 12 жылыжай бар. Биылғы он айда 10 тоннаға жуық өнім алған. Әкімдікпен жасалған меморандумға сәйкес алдымен ішкі нарықтың сұранысын қамтуда. Бұдан бөлек, ашық топырақта өсірілген көкөніс пен бау-бақша өнімдері де тұтынушыларға жеткізіліп келеді. Негізінен қияр, қызанақ, картоп, қырыққабат, сәбіз, бұрыш және өзге де түрлері. Нәтижесінде, базардағы бағаның тұрақтылығы сақталып отыр дейді ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары.

Мұрат Тоқболатов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Осы алынған өнімнің жартысы, яғни 4,5 мың тоннасы шетелге кетеді. Сондықтан біздің шаруашылықтар ірі қалалармен шартқа отырды. Ол Томск, Омск, Оренбург және көрші Орск қаласы. Еліміздің орталығы Нұр-Сұлтан қаласына да өз өнімдерін апарады.

Ал ендігі міндет – жеміс-жидектің түрін көбейтуде боп тұр. Әзірге таңқурай мен құлпынай ғана өсірілуде. Соңғы аталған жидек ТМД елдерінде баламасы жоқ польшалық және испаниялық әдіс арқылы алынып жатыр. Экологиялық таза өнім Ақтөбеден өзге, Атырау, Ақтау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы тұтынушыларға да жеткізілуде. Енді басқа түрлері қажет.

Мұрат Тоқболатов, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Қала айналасында жігіттер қазір 5-10 гектардай жерді рәсімдеу жұмыстарын өткізіп жатыр. Әзірше бізде таңқурай мен құлпынай бірінші ретте, әрі қарай қалай болатынын көреміз. Мемлекет тарапынан көмек – әр алынған көшеттерге инвест субсидия ретінде оларға субсидия төленеді.

Көкөніс пен жеміс-жидек өсіруді қолға алғандарға мемлекеттік қолдау бар дейді мамандар. Бастысы, нарықтың сұранысына орай сапалы өнім қажет екенін айтады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы