419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы ірі құс фабрикасы қайта іске қосылады

  • 772
  • UPD: 22:43, 15.11.2019

Алматы облысындағы ірі құс фабрикасы қайта іске қосылады

Нұрлан Сәрсенбаев 3 млн құсқа арналған жемсауытты жөндеп жатыр. Білікті механик құрылғыны бес саусағындай біледі. Өйткені оны кезінде өзі құрастырып, күтіп ұстау міндетін атқарған. Сондықтан фабрикаға алғашқылардың бірі болып жұмысқа шақыртылды.

Нұрлан Сәрсенбаев, механик:

- Жем беру құрал-жабдықтарының бәрін қадағалайтынбыз. Жем-суын қадағалап, істейтінбіз. Кезінде бәрі тоқтап қалды. Тоқтап қалған кезде басқа жұмыс істедік. Қазір міне, қайтадан ашылып еді бәріміз келіп, қайтадан жөндеу жұмыстарын жасап, жұмыс істеп жатырмыз.

Бағдат Смадилов, цех бастығы:

- Біз әзір ескі кадрларды жұмысқа шақырып жатырмыз. Бұл жерде электриктер, құс бағатындар, одан кейін газға қарайтын адамдар. Жалпы мамандардан қиындық көріп жатқанымыз жоқ. Олар жұмысты жақсы біледі.

Жұмысшылар осыған дейін 100 тауық қораның тең жартысын қалпына келтірген. Ал, қазір құс азығын дайындайтын зауыт құрылғыларын жаңартып жатыр. Озық үлгідегі технологияны енгізіп, өндіріс көлемін арттырмақ.

Сергей Аюкаев, зауыт директоры:

- Бұрындары зауыт жылына 24 мың тонна құс етін өндіретін. Жаңа технологияны енгізудің нәтижесінде біз бұл көрсеткішті 32 мың тоннаға жеткіземіз. Яғни, жаңа жылдан бастап 23 млн бройлер тұқымды тауық өсіріледі.

Бұл – тауық етін өндіретін аймақтағы жалғыз фабрика. Алдағы уақытта осындай тағы бір кешен ашу көзделген.

Әлімжан Хусуров, аудан әкімінің орынбасары;

- Ол Рахат станциясында. Темір жолдың кезеңінде. 39-40 мыңдай құс етін бір жылға шығаратын құс фабрикасы жоспарда бар.

Қарадала аймағында тауық өсіретін екі ферма жұмыс істесе, жылына 70 мың тоннаға дейін құс еті нарыққа шығарылады. Сонымен қатар 3 мың отандасымыз тұрақты жұмысқа тартылып, еңбек ететін болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы