420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий теңізінің түбіне 400 шақырымдық коммуникациялық желі төселеді

  • 866
  • UPD: 23:38, 19.11.2019

Қазақстан мен Әзербайжан арасында цифрлық байланысты арттыру үшін Каспий теңізінің түбіне 400 шақырым коммуникациялық желі төселеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл жоба екі ел арқылы Қытайдан Еуропаға трафик транзитін тасымалдауға мүмкіндік береді. Талшықты-оптикалық байланыс желісі құрылысының басталуына арналған салтанатты рәсімге Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен Әзербайжан премьер-министрі Әли Асадов қатысты.

Енді Жібек жолы цифрлық бағытта қайта жаңғырады. Құрылысы басталған талшықты-оптикалық байланыс желісі Еуропа мен Азия арасындағы телекоммуникациялық дәліз болмақ. Каспий теңізінің түбінен 400 шақырым кабель тартылады.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев және одан кейін АР Президенті Ильхам Алиев достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаларын орнатқан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сыртқы саяси бағдарын жалғастыра отырып, Әзербайжанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытып, тереңдетуге ерекше көңіл бөледі.

Жобаны Қазақстан-Әзербайжан бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Бұл транзиттен елімізге 10 жыл ішінде 300 млн доллар табыс түседі деп күтілуде. Сонымен қатар 150 жаңа жұмыс орнын ашылады. Желі 2021 жылдың аяғында іске қосылмақ.

Эльмир Велизаде, Әзербайжанның көлік, байланыс және жоғары технологиялар министрінің орынбасары:

– Бұл жобаның екі ел үшін ғана емес, тұтас құрық үшін маңызы зор. Қажетті деректерді жылдам беруге қол жеткіземіз. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Дарын Тұяқов, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

– 4,6 терабитке дейін жылдамдығы болады. Бүкіл Қазақстан бойынша қазір 4 терабит. Сол екі есеге көбейеді. Гонконгтен Франкфуртқа дейін тартылатын потенциалы көбейеді.

Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары аясында премьер-министр Асқар Мамин метанол мен олефин өндіретін ірі зауыттың капсуласын қалау рәсіміне қатысты. 683 млрд теңге тұратын жобаны сингапурлық компания іске асырады. Бұл – олардың Қазақстанда бастаған ең алғашқы өндірісі.

Лим Жэнь Цзе, инвестор /Сингапур/

– Арнайы экономикалық аймақта салынатын зауыт жылына 300 мың тонна олефин мен 600 мың тонна метанол өндіреді. Бұл – мұнайхимия саласына өте қажетті дүниелер. Құрылыс кезінде 4 мыңдай, кейін зауыт іске қосылған соң 650 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Зауытты 2023 жылдың соңында іске қосу көзделуде.

Каспий жағалауында келер жылы тағы бір халықаралық жоба қолданысқа беріледі. Ақтаудан 8 шақырым жерде курорттық кешен салынып жатыр. Елімізде баламасы жоқ көпсалалы қонақүй кешені бір мезгілде 50-ден астам адамды қабылдайтын болады. Үкімет басшысы минералды тыңайтқыш өндіретін еліміздегі ең қуатты зауыттардың бірінде болды. Қазір мұнда жылына 890 мың тонна өнім шығарылуда. Оның 35 проценті Ресей, Украина, Түрікменстан мен Грузияға экспортталып жатыр. Мұндай нәтижеге жету үшін соңғы 8 жылда 70 миллиард теңге инвестиция салынған.

Арман Мәулешов, «Қаз Азот» зауытының бас директоры:

– Орташа мерзімді келешекте өндірісті ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Оның барысында өндірістік циклды тұрақтандырудан басқа аммиак өндірісінің көлемін 250 мың тоннаға дейін, аммиак силитрасын 500 мың тоннаға дейін жоспарланып отырмыз. Барлық қосымша өндірілген өнімдеріміз экспортқа және Қазақстан аграрияларға жіберіледі.

Аймақтағы жанар-жағармай өндіретін зауыттың да жоспары ауқымды. Қазір мұнда жылына 75 мың тонна мұнай өңделіп, мазут, пеш пен дизель отыны және бензин өндіріліп жатыр. Ал келер жылдың соңына дейін өндіріс қуатын 830 мың тоннаға жеткізбекші. Зауытқа жақын маңнан қосымша дизель отыны мен жанармай өндіретін нысандар салу ісі қолға алынды.

Қуаныш Тайбұқов, зауыт өкілі:

– Обьектілер салынып болғаннан кейін біз халыққа өзіміздің АИ-95, АИ-92 және дизель отыны маркасы ЕВРО-5 халыққа сатылады. Халыққа ұсынып отырған тауарымыз төмен бағамен, нарықтағы бағадан төмен шығарылады.

Асқар Мамин аймақты нан өнімдерімен қамтып отырған зауытта болды. Қажетті шикізат – бидай ұны Қостанай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан тасымалдануда. Қазір өңірде әлеуметтік нан бағасы 70 теңге. Премьер-министр облыс басшыларына нан бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсырды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы