375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда смартфондар, теледидарлар мен ноутбуктар қымбаттауы мүмкін

  • 428
  • UPD: 08:39, 20.11.2019

Өндірушілер мен импорттаушыларға салынған жаңа салыққа байланысты Қазақстанда смартфондар, теледидарлар мен ноутбуктардың бағасы қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тауар жеткізуші дыбыс жазатын техниканың әр данасы үшін «антипираттық» төлемге тауар бағасының 0,7%-ін аударуы тиіс. Бұл қаражат әдетте шығармалары ақысыз қолданылатын дыбыс және бейнежазба контентінің авторларына беріледі. Жалпы әділетті шешім. Алайда, компьютер мен ұялы телефондар қымбаттаса, одан тек тұтынушы зардап шегеді. Ал, авторларға бөлінген қаражат оларға жете ме, әлде орта жолда қала ма, ол да күмәнді. Заңның күшіне енгеніне 2 ай болса да, кәсіпкерлердің тиісті қаражатты қашан бөлетіні белгісіз.

Айта кету керек, төлем жасалуы тиіс құрылғылар тізімі де анық емес. Оған сандық құрылғылардан бөлек, түрлі жазбалар сақтайтын флешкалар да енуі мүмкін.

Сергей Архипкин, Сауда компаниялары қауымдастығының төрағасы:

- Төлемдер ұсталған соң бұл тауардың нарыққа қойылған бағасына әсер етеді. Сәйкесінше, тұтынушының қалтасына салмақ түседі деген сөз. Бұл бір. Кедендік рәсімдеуде авторлық сыйақыны төлеген кездегі шығындар, әрине, бизнес арқылы төленеді. Ал, авторлық аударымдар бұл қомақты қаражат болмақ.

Байрамалы Ахмедов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша кеңес төрағасы:

- Егер музыкалық туынды немесе фильм жазылған диск сатылса, бұл туындылардың авторы бар, сценариін біреу жазды, режиссер еңбек етті. Оларға ақы төлену керек. Ал, телевизор сатылса қандай авторға және қанша қаражат төлену керек? Осы жағы түсініксіз.

Хабар 24 телеарнасы