433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстан Қазақстанға күн сайын ондаған тонна жеміс-жидек жөнелтеді

  • 1151
  • UPD: 22:58, 28.11.2019

Алма, алмұрт, жүзім мен құрма. Бұл – қазір қырғыз диқандарының Қазақстанға экспорттап отырған өнім түрлері.

Айырқалпақты ағайын күн сайын ондаған тонна жеміс-жидек жөнелтеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өнімінің бұл түрі үшін Қазақстан нарығы ең негізгі бағыт болып саналады. Ол елде баға қанша? Ал шекарадан өтіп, еліміздің шығысына жеткенше құны қалай құбылады?

Қырғызстаннан Қазақстанға негізінен алма мен алмұрт экспортталады. Бұл біздің елдің нарығындағы сұранысы жоғары жеміс түрі ғана емес, ұзақ сақтуға да болады. Жол қашық болғандықтан, бағасы да қымбат болуы мүмкін. Алайда әрбір алма мен алмұртты жеткізуде ерекше қадағалауды қажет етеді. Сонда ғана өнім сапалы сақталып нәрін жоғалпайды. Ал құрма жемісі де негізінен Қырғызстаннан тасымалданады.

Жарқынай Арапбаева, жеміс сатушы:

– Құрманы экспортқа жіберу үшін біз оны жақсылап орап, ағаш қорапқа саламыз. Екі қатар етіп салынады. Бір-біріне соғылып бүлінбес үшін ортасына арнайы қағаз салынады. Осыдан соң Қазақстан мен Ресейге экспортталады.  

Жеміс-жидектің бағасына да бірнеше фактор әсер етеді. Мына сауда кешені Қырғызстан бойынша ең үлкен логистикалық орталықтың бірі саналады. Оған осы елде жеміс-жидек өсірумен айналысатын шаруашылықтар өз өнімдерін әкеледі. Алма Ыстықкөл облысынан келеді. Құрма елдің оңтүстігіндегі Оштан жеткізіледі. Сапалық қадағалуынан өткен соң қатталып-қапталып жөнелтіле бастайды. Жол шығына қарай бағасы да белгіленеді. Жөнелту құжаты да осы жерде дайындалады.

Еркін Салымбеков, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау қауымдастығының бас директоры:

– Біз өз тарапымыздан сауда-логистикалық алаңы мен арнайы зертхана салдық. Ал ауыл шаруашылығы министрлігімен жеке және мемлекеттік әріптестік негізде келісімшарт бойынша сапа сертификаты мен құжаттар аламыз. Қазір Қырғызстанның экономика министрлігімен экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлер үшін «бір терезе» жүйесін құру бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. 

Өнімінің бағасы тасымалға тәуелді. Жеміс-жидек экспорттаушы мен сатып алушы алдын ала бағаны келіседі. Нақты сату мен алу кезінде аздаған ғана айырмашылық болады. Дегенмен қандай тауар болсын оның бағасы нарыққа сай реттеледі.

Шығыс Қазақстандағы кез келген базарда қырғыздың жеміс-жидегі толып тұр. Бірақ тұтынушы аз. Өскемендегі сауда нүктелерінде құрманың келісі 350-400 теңге аралығында. Қырғызстанда да сол шамалас. Жол шығыны, салық пен жол құнын қоса есептегенде, аса қымбат емес. Дегенмен халық алма мен алмұрт және мандаринге қарағанда құрманы көп тұтынбайды.

Баян Оразаева, кәсіпкер:

– Қазір сауда-саттық мәз емес. Халықтың сатып алу мүмкіндігі өте төмен. Өйткені елде ақша аз.

Қазір қаладағы базарларда адам өте аз. Тұтынушылар негізінен сенбі-жексенбі күндері жәрмеңкеден сауда жасап қалуға тырысады.   

Шарипа Қайралағанова, қала тұрғыны:

– Біз жұмысшымыз. Ақшамыз ештеңеге жетіспейді. Мынадай өнімді ала алмаймыз. Мына алмалардың бәрі қымбат, 500-600 теңге. Енді жаңа жыл тақап келеді. Қияр мыңнан асып кетеді. Екі мыңға дейін барған күндер болған.

Шеттен келетін жеміс-жидектің бағасы тасымалға тікелей тәуелді. Сондықтан да тұтынушыға жеткенше еселеп өседі.

Әйкен Сәрсекенова, кәсіпкер:

– Жанар-жағармай қымбат, Алматы-Өскемен жолы дұрыс істелмегенше, камаздар Өскеменге келмейді. Облыс әкімі Даниал Ахметовке айтарым, жол қашан жөнделеді, жолды дұрыс істеп берсеңіз. Содан кейін мына шаруа қожалықтары картоптың бәрін Өзбекстанға әкетіп жатыр, неге Өзбекстанға береді, өзімізде жетпей жатқанда. Неге тексермейді оның қайда кетіп жатқанын, ал мында халық бізге өкпелейді.

Бағаны көтермеске кәсіпкерлерде басқа амал жоқ. Өскемен – еліміз бойынша жеміс-жидек ең қымбат қаланың бірі. Қазір базарда алманың келісі орта есеппен 600, жүзім бір жарым мың, ал мандаринның келісі 800 теңге тұрады. Тек құрма ғана арзандау.

Авторлары: Олжас Керейхан, Бақыт Шермашов, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы