380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тоқаевтың Германияға сапары екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыта түседі

  • 280
  • UPD: 13:42, 05.12.2019

Ширек ғасыр ішінде қазақ-герман ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі ел арасында сенімді және мазмұнды қарым-қатынас орнады. «Сауда-экономикалық қатынас та нығайып келеді», - дейді неміс іскерлері.

Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2005-2018 жылдар аралығында бұл елден Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі 4,7 миллиард доллардан асты. Ал тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 миллиард еуроны құраған. Еліміз Германияға негізінен мұнай, ферроқорытпалар мен түсті металл экспорттаса, неміс тарапы бізге ауыл шаруашылығы техникасын, автокөлік, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек жеткізеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталған Бундестаг депутаты Аксель Фишер Қазақстан мен Германияның қарым-қатынасы сенімге негізделгенін айтады.

Аксель Фишер, Бундестаг депутаты:

Қазақстан мен Германияның өзара ынтымақтастығы өте жоғары деңгейде. Біз саяси әрі экономикалық қарым-қатынастар бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз. Қазақ елі біз үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктес саналады. Президенттеріңіздің Берлинге жасаған сапары да Германияның елдеріңіз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда 900-дей неміс компаниясы жұмыс істейді. Олардың арасында Siemens, Bosch, Knauf сынды әлемге әйгілі алпауыттар да бар.

Айта кетерлігі, қазір неміс инвестициясының 90%-і Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына бағытталған. Көбіне Германия кәсіпкерлері құрылыс, ауыл шаруашылығы мен жасыл энергетика салаларына қаржы құяды екен.

Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасы шығыс комитетінің аймақтық директоры:

- Президенттің сапары екі елдің экономикалық қарым-қатынасының әрі қарай дамуына серпін береді деп сенемін. Жалпы Қазақстанның жаңа инвестицияларға ашық ел екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан неміс кәсіпкерлері құрылыс, өнеркәсіп пен жаңа технологиялар салаларына асқан қызығушылық танытып отыр. Қазір біз Берлин Еуразиялық клубының отырысына қызу дайындалып жатырмыз. Онда нақты жобалар талқыланып, екіжақты кездесулер өтеді.

Жалпы Қазақстан мен Германия екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыта түсіп, сауда-саттықты еселей бермек. Оған барлық мүмкіншілік те, әлеует те бар. «Ал Қазақстан Президентінің Германияға жасаған сапары бұған жаңа серпін берері сөзсіз», дейді мамандар.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы