378,86 417,79 6,08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Германияның бизнес өкілдерімен кездесті

  • 430
  • UPD: 11:57, 06.12.2019

Елімізде неміс технологиясы бойынша комбайн өндірісі қолға алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Техникалық газ өңдеу ісіне де осы елден қомақты қаржы тартылады. Ал автокөлікке қажетті қосалқы бөлшектер өз жерімізде шығарыла бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарының алғашқы нәтижелері осындай. Бұл аз десеңіз, әйгілі «Фольксваген» компаниясы таяу арада ел нарығына келіп, көлік құрастыруы мүмкін.

Әлемнің 140 мемлекетіне астық жинаушы комбайн жеткізетін неміс компаниясы жуырда еліміздің солтүстігінде өндіріс орнын ашуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт Петропавлдың Қызылжар арнайы экономикалық аймағында орналасады. Бірлескен инвестициялық жоба ең алдымен шаруа қожалықтарына тиімді болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің негізгі стратегиямыз – елімізге тартылатын инвестицияларды әртараптандыру. Инвестиция тұрғысынан Германияның негізгі стратегиялық серіктесі болғымыз келеді.

Катрина Клаас-Мюльхойзер, «Claas group» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы:

– Президент кездесуде ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, көлік паркін жаңартуға мән берді. Біздің кәсіп – отбасылық. 106 жылдан бері ауыл шаруашылығы техникасын шығарып келеміз. Трактор, комбайн, тағысын тағы. Енді осы тәжірибемізді әлемдегі ең бағалы астық өсетін елдің кең байтақ жерінде қолданғымыз келеді.

Германиялықтармен техникалық газ өндірісінде де әріптестік артады. Осы салада көшбасшы кәсіпорын Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция құяды. Жобаның 70 процентін қаржыландыруға ниетті. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысындағы метанол өндірісін жалғастыру жоспарда бар. Бұл жөнінде компания басшысы Кристиан Брух мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Канцлер Ангела Меркельмен және Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен жүргізілген келіссөздер жоғары деңгейде өтті. Осы келіссөздер екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін.

Неміс технологиясы өндірістің барлық саласына енгізілуі мүмкін. Президент сапары аясында автокөлік жасау, өнеркәсіп және ғарышқа қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорын өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Тағы бір германиялық компания мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынатын онкологиялық орталық жобасын көрсетті. Тараптар ұзақмерзімді әріптестікке басымдық берді.

Карстен Дюхтинг, «Дюхтинг Пумпен» компаниясының бас директоры:

– Біз Қазақстанда 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Кәсіпорындарға сорғы қондырғыларын жеткіземіз. Енді сол өндірісті шоғырландыруға ниеттіміз. Яғни, алдағы уақытта экспортталуы қиын тауарлар Қазақстанда шығарыла бастайды.

Батыс пен Шығыс арасында текетірес орнап, қарама-қайшылық туындаған кезеңде көпвекторлы саясаттан ұтарымыз көп. Бірақ халықаралық нарықта жағдай тұрақты деуге келмейді. Соған қарамастан, Қазақстан экономикасы жыл сайын 4 проценттік өсім көрсетеді. Орталық Азия елдерін салыстырсақ, инвестиция тартудан алда келеміз. Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының алғашқы күнін германиялық бизнес өкілдерімен кешкі ас кезінде қорытындылады. Қазақы қонақжайлық көрсетіп, елімізге көптеп инвестиция құюға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Металлургия, химия, өндіріс салаларына инвестиция тартуға мүдделіміз. Еліміздегі заңнамалық стандарттар жақсарып келеді. Саясат пен экономикада еуропалық құндылықтарды көздейміз. Бізде шетелдік инвесторлар үшін бір терезе қағидасы енгізілген.

Трансқұрлықтық жолдардың 10 проценті біздің елмен өтеді. Көліктік инфрақұрылымға 30 млрд доллар қаржы құйдық. Ресей, Қытай, Орталық Азия нарықтары қазір қол жетімді. Президент неміс бизнесінің назарын осы жайтқа аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық әріптестікті жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Осы істі тікелей өзім бақылаймын. Экономикамызды әртарапатандыру үшін бұл өте маңызды. Ал Ангела Меркельдің келер жылы елімізге жасайтын сапарына орай арнайы бизнес-форум ұйымдастыруды ұсынамын.

Сапар аясында 30-ға жуық келісім жасалып, жалпы құны 2,4 млрд доллардың жобалары қолға алынуы тиіс. Бірқатарына осы күні қол қойылды.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы: 

– «Шкода» бар. Енді «Фольксваген» келеді. Мынау автомобильдерді құрастыруды жетілдірсек, бұдан былай автокомпоненттерді шығарып қазақстандық үлесті көбейту көзделген. Жұмыс соған бағытталып жатыр. Өндіріс саласында тепловаздар шығару жөнінде келісімге қол қойылды.

Президент бүгін де маңызды кездесулер өткізеді. Берлин Еуразиялық клубының 28-отырысына қатысады. Кейін «Фольксваген», «Бауман» және өзге де неміс компанияларының басшыларымен бас қосады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы