380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында алдағы уақытта 14 инвестициялық жоба жүзеге асады

  • 184
  • UPD: 22:06, 06.12.2019

Қостанай облысында алдағы бірнеше жылда жалпы құны 2,2 миллиард долларға тең 14 инвестициялық жоба шетелдік инвесторлардың ықпалымен жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның үшеуі биыл қолданысқа берілді. Бұның бәрі Kazakh Invest компаниясының қолдауымен іске қосылып жатыр.

Данияр Сұлтан, тілші:

- Орталық Азия, Ресейде теңдесі жоқ бұл диірмен кешені тәулігіне 1200 тонна ұн тартуға қауқарлы. Оның құрылысына түрік инвесторлары 4 млрд теңге жұмсаған.

Нихат Джан, «Бест Костанай» ЖШС құрылтайшысы:

- Қазақстанда диірмен қойған уақытта орынды Үкімет берді. Салықтың жартысын төлейміз. Банктен алған несие процентінің жартысын мемлекет өтейді. Экспорт жасағанда индекстерімізді аламыз.

Ал ресейлік инвесторлар индустриалды аймақта тракторлар шығару ісін қолға алған. Қазір мұнда техниканың 13 моделі құрастырылады.

Андрей Гомаюнов, «Композит Групп» ЖШС бас директоры:

- Алаңды тағы 6 мың шаршы метрге ұлғайтамыз. Бұл қазіргі аумақтан үш есе көп болады. Ал 2022 жылға қарай қосымша 8 мың шаршы метр алаң салуды көздейміз.

Көлік логистикасының қолжетімділігі де көрші ел инвесторлары үшін болат илек станы зауытының құрылысына түрткі болды. Өнім Ресейге және Орталық Азияға экспортталады.

Владислав Цензура, «Евразкаспиансталь» ЖШС бас директоры:

Экспорт көлемі 25-тен 35%-ке ұлғайды. Бұған Түркіменстан және Қырғызстан нарықтарын игеруіміз себеп.

Жалпы аймақта әлеуеттілігі жоғары деген 14 жоба бар. Олардың құны 2,2 млрд долларға бағаланған.

Ілияс Аманбаев, «Kazakh Invest» ҰК аймақтық өкілінің директоры:

- Біз инвесторларға барлық қолдау шараларын көрсетеміз. Бұның ішіне рұқсат құжаттарын алу, инвестициялық алаңдарды таңдау сияқты мәселелер кіреді.

Жақын арада тағы бес инвест жоба іске қосылады. Солардың бірі – ет өңдеу кешені. Мұнда өндіріс бастан аяқ жүргізіледі. Жылдық қуаттылығы 20 мың тонна көлемінде.

Максим Ястребов, ет өңдеу кешені құрылысының жоба кураторы:

- Бұл Солтүстік Қазақстандағы осындай бағыттағы ірі зауыт болмақ. Құрылысы әлемдік талаптар негізінде жүзеге асып жатыр.

Жаңа өндіріс ошағында 150 адам жұмыспен қамтылады. Тұтастай алғанда, облыста барлық инвест жобалар іске асырылса, онда 3 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылады.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы