425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолдау: Табыс салығынан босатылған кәсіпкерлер 382 млрд теңге үнемдейді

  • 800
  • UPD: 21:40, 09.12.2019

Кәсіпкерлерді тексеруден, салықтан босату, әлеуметтік мәселелерді шешіп, ауылдарды түлету, маман тапшылығын жою.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында осы сынды қадау-қадау міндеттерді атқарушы билікке мықтап жүктеген. Солар қалай орындалып жатыр?

Бүгін елордада билік өкілінен бастап ғалым мен сарапшыларға дейін жиналып, атқарылған шаруаны пысықтап, алдағы міндеттерді тағы бір айқындап алды.

3 жылға табыс салығынан босатылған кәсіпкерлер 382 млрд теңге үнемдейді. Осылайша, олар айналым қаражатын толықтырады. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауының алғашқы нәтижесі. Жалпы соңғы 5 жылда шағын және орта бизнес субьектілерінің саны 1,5 есеге өскен. Президент тапсырмасымен 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап кәсіпкерлік нысандарын тексеру бойынша 3 жылға мораторий енгізіледі.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Бұл – мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі. Орташа есеппен 3 жыл ішінде 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға, бизнес-ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бизнесті оңай жүргізуге және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.

Мораторий жариялау өз алдына, тұтынушының өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын жайттар анықталса, тексеру жүргізіледі. Жалпы Президент өз жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлді. Бұл салаға жеңілдік жасаудың жөні бар. Себебі, елдегі еңбекке қабілетті халықтың 30%-і бизнесте нәпақасын тауып отыр. Шығарылатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтің 30-40%-і кәсіпкерлердің үлесінде. Олар үшін алдағы жылы тағы бір жеңілдік бар.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Сондай-ақ бизнес үшін әлеуметтік зейнетақы төлемдерін жүргізудің жаңа механизмі жасалып жатыр. Бұл алдымен кәсіпкерлерге қолайлы болу үшін жасалады. Олар уақыт пен әкімшілік шығындарды, банкке төлейтін үстемені үнемдейді. Сондықтан мұның барлығын жеңілдету керек. Қазір төлемнің 6 түрі бар. Соның бәрін бір төлемге біріктіру керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды түлетіп, ауылдықтардың жағдайын жасау керектігін  көп айтты. Алдағы 7 жылда 900 млрд теңге осы елді мекендерді көркейтуге жұмсалады. Алайда, әлеуметтік мәселесі шешілгенмен, ауылда жұмыс істегісі келетін маман тапшы болып тұр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бүгінгі күні жалпы біздің елімізде жыл сайын 50-60 мың педагогтар университеттерді бітіріп, диплом алып жатса да, олардың тек он мыңдайы ғана мектепке келіп жатыр. Себебі, мектепке келуге, педагог болып жұмыс істеуге ешқандай ынта жоқ. «Алтын белгі» иегерлерінің тек 12%-і осы педагогтық мамандықты таңдап жатыр. Жалпы бүгінгі күні статистика комитетінің деректеріне сүйенетін болсақ, біздің педагогтардың жалақысы орташа жалақының 65%-ін құрайды.

Тек білім саласында емес, аграрлық салада да кадр тапшы. Мемлекеттің грантына білім алғандар өз мамандығы бойынша жұмыс істеуден бас тартып жатады. «Осы орайда жастарды ынталандыру шараларын жетілдіру керек», - дейді жиналғандар. Ғылыми конференцияға қатысқан сарапшылар «Президент жолдауы болашақты болжап жасалған», дейді. Ондағы тапсырмалар да алдағы бірнеше жылда кезеңмен іске асады. Алғашқы нәтижесі де бар. Енді келер күннің жоспарын бекіту керек.

Дархан Кәлетаев, ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Сондықтан да бұл конференцияны ұйымдастыруды Еуразиялық интеграция және Қазақстан стратегиялық зерттеулер институттарына тапсырдық. Бүгінгі жиында үлкен қызу пікірталастың болғанын қалаймыз. Себебі, пікірталас маңызды. Алғашқы қорытындыда қайда бара жатқанымызды, дұрыс бағытта екенімізді, қоғамның бізден не күтіп отырғанын білуіміз қажет. Қазірдің өзінде жолдау бойынша нақты шаралар басталып кетті. Жолдауды жүзеге асыру туралы бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Жыл соңына дейін Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік аппарат пен Үкімет алдына қойған нақты тапсырмалармен байланысты тағы бірнеше мемлекеттік құжаттарды бекіту жоспарланған.

Конференцияда зейнетақы жинағын баспана немесе білім алуға жұмсау механизмі талқыланды. «Қазір айтылып жүрге нұсқа көпшілік үшін қолжетімсіз», - дейді депуттар. Сондықтан біржақты шешім қабылдамай, халықтың жағдайын ескеру керектігі айтылды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы