376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Америкалық компаниялар Қазақстанға инвестиция құяды

  • 208
  • UPD: 22:53, 10.12.2019

АҚШ-тың әйгілі компаниялары Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салмақ, деп хабарлайды «Хабар 24»

Премьер-министр Асқар Мамин Құрама Штаттарға  жұмыс сапары кезінде осы елдің агробизнес өкілдерімен келісім жасап, ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Tyson Foods және Valmont Industries компаниялары көп ұзамай елімізде құрылыс бастап, өз технологиясымен жұмыс істеуге көшпек. Сөйтіп, қазақстандықтар да бұл бизнестің қыр-сырына қанығып, ісін ілгерілететін болады.

Бұл компаниялар Американың агробизнес саласында көш бастап тұр. Аты танымал, тәжірбиесі мол, өнімі сапалы компаниялар енді Қазақстанға қаржы құятын болды. Үкімет басшысы Асқар Мамин ірі ет өндіруші Tyson Foods компаниясының басшыларымен кездесіп, Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісім жасады. Америкалық бұл әйгілі компанияның құрылғанына ғасырға жуық уақыт болған. Жылдық айналымы 42,4 млрд доллар. Алып кәсіпорында 141 адам жұмыс істейді. 

Стив Стоуффер, Tyson fresh компаниялар тобының президенті:

– Бұл – бір күндік жұмыс емес. Барлық істі бір ізге түсіру үшін көп еңбек керек. Технологиялық процесті тиімді қалыптастыруымыз қажет. Жалпы, Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел. Сырттан баратын инвесторлар оны тиімді пайдалана білуі тиіс.

Арадағы келісім бойынша елімізде тәулігіне 2 мың ірі қараның етін өңдейтін кешен салынады.  Бұл кәсіпорын ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарығына өнім шығаруға да мүмкіндік береді. Жоба іске асқан кезде ауыл шаруашылық саласының жылдық кірісі 1 млрд доллардан  асады деген болжам бар. Сондай-ақ, ірі кешеннің айналасында өзге де қызмет түрлері көрсетіледі.  Tyson Foods қазақстандық Kusto Group компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асырмақ.  «Экстеншн» америкалық қызмет үлгісі бойынша қазақстандық фермерлерге ақпараттық кеңес беру, жергілікті жерлерде кадрлардың біліктілігін арттыру және кәсіптік-техникалық оқыту қаралған.

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– «Тайсон Фудз» деген әлемге танылған марка. Олар құс, сиыр мен доңыз етін 68 елге экспорттайды. Енді Қазақстан нарығына шықпақ. Біздің елде 3 зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 1 млрд 250 млн долларға жетеді. 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орыны ашылады деген жоспар бар.

Премьер-министр Арканзас штатындағы Спрингдейл және Небраска штатындағы Дакота-Сити қалаларына барып, Tyson Foods компаниясының технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты. Ал Омаха қаласында суару жүйелерін жасауда көшбасшы атанған Valmont Industries компаниясының өкілдерімен кездесті. Сөйтіп, біздің елдің ауыл шаруашылығы министрлігі аталған компаниямен келіссөз жүргізіп, механикаландырылған суару, телекоммуникациялар, жаңартылған энергетика, инфрақұрылым және аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қол жеткізді.

Стив Каневски, Valmont industries компаниясының бас директоры:

– Біздің Қазақстанды таңдауымыз бекер емес. Өйткені елдеріңізде шығысында Қытаймен, батысында Ресеймен  бизнес жүргізу үшін көп мүмкіндік жасалған. Шамамен екі жыл ішінде Қазақстанда зауыт салуға ниеттіміз. Сөйтіп, өнімдерімізді Орталық Азия өңіріндегі өзге елдерге таратамыз. Алдағы он жылда 4 мың машина жасап шығарамыз деген жоспар бар. Бұл – минималды көрсеткіш. Алдағы уақытта 10 мыңға дейін жеткіземіз.     

Келісім бойынша 2022 жылы Қазақстанда қуаттылығы жылына 1 мың фронталды және айналма суаруға жететін Valley ирригациялық жүйелерін шығаратын зауыт салынады. Бұл құрылғы өнімділікті арттырып, су шығынын 50 процентке дейін үнемдейді. Жалпы, елімізде алдағы екі жылда суармалы жер көлемін 1, 4 млн гектардан 2 млнға жеткізу жоспары бар. Ал 8 жылдан кейін 3 млн гектар алқапта суармалы технология қолданылады.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы