375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Чехия кәсіпкерлері: Қазақстан – инвестиция құюға қолайлы ел

  • 240
  • UPD: 09:21, 21.12.2019

Қазақстан мен Чехия арасында биылғы жылдағы ынтымақтастықтың нәтижелері қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Прагадағы елшілігіміз ұйымдастырған салтанатты кешке белгілі саяси қайраткерлер, инвесторлар мен қазақстандық студенттер келді.

Чехия үшін Қазақстан - Орталық Азия өңіріндегі негізгі серіктесі. Елдеріміз түрлі салаларда тығыз ынтымақтастық орнатқан, әсіресе ауыл шаруашылығы мен машина жасау бағыттарында белсенді жұмыс істеп келеді. Биылғы жылды қорытындылағанда, тауар айналымы өскенін атап кету керек. Ағымдағы жылдың 10 айында өзара сауда көлемі 760 миллион доллар құрады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Чехия кәсіпкерлері Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде санайды және нарығымызда өз жұмысын жалғастыруға ниетті.

Юлиус Асалай, кәсіпкер:

– Чехия мен Қазақстан көп жылдар бойы бірлесіп еңбек етіп келеді. Елдеріңіздің әлеуеті зор, бүкіл Менделеев кестесі бар. Біз энергетика саласында жұмыс істейміз. Қазақстанды таңдауымыздың басты себебі – инвестиция құюға болатын сенімді ел. Өз жағымыздан тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. 

Қазақстанды Тәуелсіздігінің 28-жылдығымен құттықтауға Парламент депутаттары, кәсіпкерлер, мәдени қайраткерлер және шетелдік дипломаттар келді. Чехияда оқып жатқан студенттеріміз осы күнге арнап, концерт дайындады. Домбыраның құлағында ойнап, Құрманғазы күйлерін орындаған жастарымыз жиналған жұрттың таңдайын қақтырды. 

Владислав Кучик, жазушы:

– Музыканттардың нотаға қарамай ойнағаны таң қалдырады. Әуендері жүректерінен шығып жатқаны көрініп тұр. Бұл – уақыт әсер етпейтін әсем шығармалар. Қазақстан ұлы тарихы бар, дәстүрлерге және дарындарға бай ұлы ел екенін көрсетуі керек. Мейрамдарың құтты болсын!

Қазақстан мен Чехия арасындағы мәдени байланыстар да нығайып келеді.

Биыл өткен маңызды шаралардың бірі ретінде сарапшылар көшпенділер тұрмысына арналған көрмені атап отыр. Прага тұрғындары мен қала қонақтарына алғаш рет сақтар, ғұндар мен қаңлы дәуірінің жәдігерлері ұсынылды. Аң стилінде жасалған зергерлік ұйымдар мен ұлттық нақыштағы киімнің ауқымды жиынтығын Қазақстанның Орталық мұражайы әкелген болатын. Осы көрме аясында еуропалықтар аты аңызға айналған Алтын адамды да көрді.

Иржи Шима, шығыстанушы:

– Бұл - Ұлттық музейімізде өткен үлкен көрме. Мұны қазақтармен қатар, чехтар да мақтан тұтады. Мен осы көрмеге бірнеше рет бардым және азаматтарымыз Қазақстаның бүгінгі өмірімен қатар, ежелгі тарихымен де таныса алғанына ризамын. Онда археологиялық, этнографиялық жәдігерлер мен киіз үй болған. Көрме үлкен табыспен өтті.

Ынтымақтастығымыздың тағы да бір негізгі саласы – бұл туризм. Сарапшылардың пікірінше, келесі жылы Орталық Еуропадан елімізге келетін туристтер саны күрт өсетін түрі бар. Оған қоса Чехия азаматары Қазақстанға визасыз келе алады. Ал биылғы жылдан бастап Прага мен Нұр-Сұлтан қалалары арасында тура әуе рейстері қатынайтын болды. 

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы