376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада салынып жатқан шыны зауыты 2020 жылы іске қосылады

  • 187
  • UPD: 07:58, 23.12.2019

Қызылордадағы құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен шыны зауыты келер жылдың шілдесінде іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауқымды инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы шыны өнімдеріне деген сыртқы импорт көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Коррупциялық қылмыстық іс қозғалуына байланысты құрылысы жылға жуық тұралаған өндіріс ошағында қазір шетелдік қондырғылар орнатылып жатыр.

Аумағы 50 гектарды құрайтын алып кешенді қытайлық трансұлттық компания салып береді. Құрылысқа жұмылдырылған 11 мердігер мекеменің 219 жұмысшысы қытымыр қыстың суығына қарамай өндірістік тізбекті жалғап шығуды жоспарлап отыр.

Шань Сю, мердігер компанияның вице-президенті (Қытай):

- Біз жобаға үздік мамандар тартып, заманауи құрылғылар пайдаланып жатырмыз. Дәл қазір жұмыстың 50%-ін аяқтадық. Еуропалық, америкалық және қытайлық қондырғылар орнатамыз. Шыны зауытын бұрын да салғандықтан тәжірибеміз жеткілікті. Сондықтан құрылысты келісілген мерзімде аяқтаймыз деп ойлаймын.

Жылына 200 мың тоннадай мөлдір табақша өндіріп, жартысы отандық нарыққа, қалғаны экспортқа шығарылады делінген зауыттың негізгі шикізаты – Аралдың кварц құмы. Доломит пен әк және кальцилендірілген тұз да өңірден табылады. Жергілікті әкімдік тарапынан зауытқа газ, су және электр желілері жүргізіліп, автожол мен байланыс тартылды. Енді қалғаны – темір жол тұйығы.

Ержан Сағынбаев, шыны зауытының басқарма төрағасы:

- Бізде бір проблема болған сызбасы жоқ, «Стюарт Инженерс» деген компания бермеген. Бірақ Қытай компаниясы өзінің күшіне сеніп, ешқандай сызбасыз монтаждау жұмыстарын іске асырып жатыр. Басында 2015 жылы қойылған сол бағамен ешқандай тағы да қажетті ақша қосымша сұрап отырған жоқпыз. Сол ақшамен бітіреміз деген ойымыз бар.

Терезе мен көлік әйнектері, айна және планшеттің беткі жабындыларын шығаратын өндірістік желі елорданың туған күнінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. 2-12 миллиметрлік мөлдір материалдың әр тоннасы 250 доллардан сатылмақ. «Шыны индустриясының шыңына ұмтылу аймақ өндірісін ширатып қана қоймай, сырбойылықтардың әлеуметтік тұрмысына да өң береді», - дейді сарапшылар.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы