376,77 415,79 5,95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы өз жұмысын жалғастыратын болады

  • 327
  • UPD: 14:46, 31.12.2019

Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 31 желтоқсан күні соңғы өтініштерін қабылдайды. Бірақ еліміз бойынша мыңдаған кәсіптің дамуына мүмкіндік берген бұл бағдарлама өз жұмысын жалғастыратын болды. «Бизнестің жол картасы 2025» деп аталатын жаңа бағдарламаның негізі қазіргі күні жасалып жатыр дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау Қорының өкілдері. 

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бірнеше бағыт бойынша жұмыс жасайды.  Мерекелік дастархан жаю, яғни «кейтеринг» бизнесімен айналысатын жас кәсіпкер Алтын Игенбаева «Даму» қорының екі бағдарламасын да  ұтымды пайдаланған. Ол жуырда ғана кәсібін дамыту үшін «Еңбек» бағдарламасы арқылы  5 жылға 6 пайыздық үстемемен 11 млн теңге ақша алып, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен бизнесін табысты етудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырған.

Алтын Игенбаева, кәсіпкер:

- Мен үш күн бойы Нұр-Сұлтан қаласында өткен семинар-тренингтерге қатыстым. Онда шет елдің білікті кәсіпкерлері өз тәжірбиелерімен бөлісті. Олар менеджмент, маркетинг, бизнесті дамыту, кәсіпті табысты ету жолдары туралы құнды ақпарат берді. Ең бастысы, бұл ақпараттың  барлығы тегін берілді.

Бұл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бір ғана бағыты дейді, «Даму» қорының мамандары. Мұнда басымдылық әсіресе ел экономикасына  айтарлықтай табыс әкелетін және экспортқа шығуды көздеген ауыл кәсіпкерлеріне берілген. Оларға 2,5 млрд теңгеге дейін тиімді несие беріледі. Белгіленген соманың 50 пайызына дейін мемлекет субсидиялайды.

Сәуле Әбішева, «Даму» қоры субсидиялау департаментінің  директоры:

- Бұл бағдарлама 2010 жылдан бастап жүзеге  асып келеді. 2,6 трлн теңгеге 15 мың жобаны субсидиялауға көмектестік. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында кәсіпкерлердің жобасын қаржыландыруға   ішінара кепілдік беру бойынша 6 мың келісімге қол қойылды.  

Өтініштер желтоқсанның 31-не дейін қабылдағанмен бұл жоба  мұнымен аяқталмайды. Енді оның жалғасы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы дайындалуда.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы