377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бензинге акциз бағасы өсті

  • 130
  • UPD: 10:03, 03.01.2020

Елімізде бензинге акциз бағасы 10 теңгеге өсті. Яғни өндірушілер жанар-жағармай үшін литріне бұрынғыдай 8 теңге емес, 18 теңге төлейді. Бұл бөлшек саудаға әсер ете ме? Жалпы үкіметтің мұндай шешім қабылдауына не себеп болды?

«Бензинге акциз бағасы өседі» деген жаңалық тараған бойда көлік жүргізушілерінің күдігі көбейді. Яғни бөлшек саудадағы баға күрт өседі» деген ойдың болғаны рас. «Бензин құны көтерілсе, азық-түлік бағасына да әсері тиеді» дегендер болды.

Василий Таскалинский, қала тұрғыны:

- Көбінде көлікпен жүремін. Зейнеткерлерге зейнетақыны өсірді деген жаңалыққа қуанып едік, дегенмен, жанар-жағармайдың бағасы көтеріліп кетуі мүмкін. Акцизді өсіріп жатыр деп естідік. Отбасы болғасын бар шаруаға көлікпен жүресің. Бензиннің көп кететіні анық. Сондықтан, бағаның өскенін қаламаймыз. Нанның бағасы өспесін деңіз.  

Осы мәселеге қатысты өткен Үкімет отырысында  жанармайға акцизді көтерудің бірнеше себебі айтылды. Ұлттық экономика министрлігіндегілер «біздің елде бензин құны арзан, сондықтан көрші елдермен теңестіру керек» деп отыр. Бізбен салыстырғанда Ресейде 100 теңгеге, Қырғызстанда 80 теңгеге қымбат. Олар бізден тонналап тасып жатыр екен.  Министрлік автокөлікпен сыртқа жанармай тасуға шектеу қоюға мәжбүр болғандарын айтты. Дегенмен, акциз қымбаттағанымен нарықтағы бағаны тұрақты ұстаймыз деп сендірді.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Көршілес елдерде жанармай бағасының бізден қымбат екенін естідім. Мен бұл мәселемен кешенді түрде айналысу қажет деп есептеймін. Бағаны екі есе өсіру, әрине, ешкімнің ақылына қонбайды. Барлығы да халықтың табысына сәйкес болуы қажет. 

Бензинге акциз бағасын көтеруге тағы бір себеп бар. Дәл осы себеп жиі айтылып жүр. Яғни жанармайға акциз ставкасын жоғарылату арқылы бюджеттің кірісін көбейту жоспары бар. Тіпті, қаржы министрлігі «осы арқылы 50 млрд кіріс түсіреміз» деп болжам жасап қойды. Әсіресе, әлеуметтік саланың шығындарын осылай өтемек.

Манарбек Қадырбеков, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- БҚО аумағында бензин өндіретін бір салық төлеуші – бұл «Конденсат» АҚ. Бұл салық төлеушіден 2019 жылдың 11 айында 1 млрд 225 млн теңге акциз түсті. Енді акциздің ставкасы өсуіне байланысты, келесі жылы ол 2 -2,5 есе өседі деген ойдамыз.

Сарапшылардың өз пікірі бар. Айтуынша, көрші елдермен бағаны теңестіру міндетті емес. Акциз көлемі осылай өсе берсе, бензиннің нарықтағы бағасы да көтеріледі дейді олар.

Жангелді Шымшықов, экономист:

- Басқа да елдер әртүрлі қорғаныс мәселелерін шешіп жатыр ғой. Өзінің экономикасын қорғау тек қана акциз арқылы емес қой. Шекара арқылы шектеу қоюға болады. Егер де біз жанар-жағармай бекеттеріне тапсырма берсек, оларға шектеу қоюға болады. Енді, жекелеген автокөліктер келіп, тонап жатыр деген, олда болмайды. Егер жанар-жағар май бекеттеріне тапсырма берсек, әр көліктің нөмерінде регионы жазылған қайдан келгені, Сондықтан, оларға шектеу қоюға әбден болады.

Сонымен үкімет әлеуметтік ахуалды оңалту үшін енгізілген төлемдердің орнын бензин акцизінің ставкасы арқылы толтырмақ. Ал оның бөлшек саудадағы жанар-жағармай бағасына қаншалықты әсер етерін уақыт көрсетеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Талғат Жұбанышев, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы