424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында құны 100 млрд теңгеге жуық тауар өндірілді

  • 458
  • UPD: 23:32, 04.01.2020

Қызылорда облысының жүз мыңдай тұрғыны жеке кәсіппен айналысады. Жалпы өңірде 45 мыңнан аса шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істеп тұр. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 106 процентке артқаны байқалады. Жергілікті кәсіпкерлік нысандар 100 миллиард теңгеге жуықтайтын тауар өндірген.

Өз ісін бастауға ынталы сырбойылықтарға «Бастау» жобасының бергені көп. Бизнес білім алған 3 мыңдай өңір тұрғынының мыңға жуығы мемлекеттік жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашқан. 

Ғалымбек Жақсылықов, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

- 2019 жыл кәсіпкерлік саласында жемісті жыл деп айтсам болады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету және кәсіпкерлерді қолдау орталығымен 2 мыңға жуық азаматқа 2353 сервистік қызмет көрсетілді. 5 мыңнан астам азаматқа 9 мыңнан аса әр түрлі кәсіпкерлікке қатысты кеңес берілді.

Кәсіп ашып, оны ұршықша үйіріп әкетуге әсіресе жастар бейім. Аймақта қолға алынған «Жас кәсіпкер» әлеуметтік жобасы шеңберінде 1100 қызылордалық оқытылып, 600-ден астамы өз бастамасын жүзеге асырды.  

Бауыржан Мәстеков, жастар ресурстық орталығының директоры:

- Биылғы жыл Сыр жастары үшін табысты болды деп толықтай айта аламыз. 49 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Әлеуметтік жоба аясында кәсіпкерлік бағыты яғни жас кәсіпкерлерді дайындау, тәрбиелеу, насихаттау мақсатында нақты шаралар жоспары бекітіліп, жол картасы ұйымдастырылды. Арал мен Жаңақорған арасында барлық жастардың басын біріктірген үлкен маңызды бастама болды деп айта аламыз. 

Түрлі әкімшілік кедергілерге тап болса да, қиындыққа мойымай ағымдағы жылы кәсіп ашқанның бірі Айнұр Қожагелдиева. 18 жыл жайма базарда ұсақ-түйек сатып келген саудагер бар жиған-тергенін салып, несие алып қала орталығынан өз дүкенін ашты. Қазір саудасын жүргізуге отбасымен жұмыла кіріскен.         

Айнұр Қожагелдиева, жеке кәсіпкер:

- Өзіміздің дүниемізді өз қолымызға алғанымызға қуанамыз. Қатты кедергілер болды, бірақ мойымай аман-есен алып шықтық. Шымкенттен, Бішкектен, Алматыдан аламыз тауарды. Әйтеуір халыққа шамалы арзандау болса деп, балаларға нәпақа болсын, бала-шаға біз сияқты қиналмай өмір сүрсін деп салған нәрсе ғой.

Айнұр секілді құқықтық қорғау өтінішімен 250-дей азамат кәсіпкерлер палатасына өтініш түсірген. Соның жартысына жуығының мәселесі оң шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің 227 миллион теңгесі сақталып қалды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы