419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайдағы зауыт көлік шығару саласында көш бастап тұр

  • 1030
  • UPD: 22:37, 04.01.2020

Қостанай автокөлік зауыты өз саласы бойынша елімізде көш бастап тұр. 2019 жылы кәсіпорын 25 мыңнан астам көлікті құрастырып шығарды. Бұл өткен жылғыдан екі есе көп. Және өз өнімдерін  экспортқа шығарып отырған еліміздегі  бірегей автозауыт.

Қостанайлық автозауытта әлемдік бренд саналатын көліктердің он шақты түрі шығарылады. Жеңіл машина, арнайы техника өндірісі жыл санап артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда екі есеге өскен. Мұнда экспорт ауқымын арттыру да басым бағыттардың бірі.

Әділ Шайкемелов, локализация бөлімінің бас маманы:

- Ең алғашында 3 жыл бұрын бастадық экспортты. Қазіргі кезде экспорттайтын негізгі елдер, ол Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Белоруссия елдері. Жалпы экспортқа осы жылы ғана 10 миллиард тенге техника экспортқа шығарылып отыр. 

Өндірістің өркен жаюы, қосымша жұмыс күшін қажет ететіндігі түсінікті жәйт. Бүгінде зауытта 1200 адам еңбек етеді. Жаңа мамандар дайындау үшін кәсіпорын ішінде дуалды оқу жүйесі енгізілген. Биылдың өзінде осы жүйе бойынша 400 студент білім алды.

Әмір Несіпбаев, кадрларды дайындау жөніндегі инженер:

- Зауыт аумағында 3 оқу класы, 4 оқу полигоны бар. Тек практикалық ғана емес, теориялық түрде білім беру жүйесін енгізген жалғыз кәсіпорын. Осында оқу курсынан өткен түлектердің 30 проценті автоөндірісті таңдайды. 

Зауыттағы оқу орталығында үш айлық курстан өткендердің бірі Әйгерім Балғожина. Бұдан бұрын экономист мамандығын алып шыққан. Бірақ еңбек нарығында  ол мамандық бойынша сұраныс болмағандықтан,  механикалық құрастыру слесарлығын игеріп алуды жөн санапты. Қазір жас қыз автокөлік салонын жабдықтаудың хас шебері.  

Әйгерім Балғожина, механикалық құрастыру жұмыстарының слесарі:

- Біз мына обшивкаларды есікке орнатамыз. Бұл есіктің өзінің датчиктері бар, терезе көтеретін, есікті ашатын, бұларды қосамыз. Мұның бәріне екі есікті қосқанға 15-20 минут кетеді.

Тегін оқытудан тыс автоөндіріске мамандарды тарту үшін ұсынатын әлеуметтік пакеттері де ауқымды. Айта кетелік, биыл зауыт жұмысшыларының еңбекақысы 10 процентке өсті. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедияров

Хабар 24 телеарнасы