419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында ШОБ өкілдерінің 80% касса аппаратын сатып алған

  • 719
  • UPD: 10:05, 09.01.2020

Жаңа жылдан бастап саудамен айналысатын әрбір кәсіпкердің кассалық аппараты болуы тиіс. Орнатуға шамасы жетпегендері телефонына онлайн кассаны жүктеп алуы керек. Нәтижесінде тапқан табысының 3 пайызын салық ретінде үкіметке береді. Жаңа заңдағы талап осындай. Мұндағы мақсат - көлеңкелі бизнестің алдын алып, тұтынушының құқығын қорғау. Бұл талапты кәсіпкерлер қалай қабылдады? Олар үшін кассалық аппарат орнату қаншалықты тиімді?

Қазір жеке кәсіпкерлердің нақты табысының көлемін анықтау мүмкін емес. Себебі олардың барлығында бірдей кассалық аппарат жоқ. Салықшылар түсіндіру жұмыстарын жүргенімен ірі сауда орындары болмаса, шағын нысандары аппарат орнатуға асықпайды. Әзірге одан бас тарту табысын жасырудың негізгі жолы болып отыр. Нәтижесінде халық әлі күнге қолма-қол есеп айырысады. Алайда жаңа жылдан бастап бизнес иелеріне кассалық аппарат орнату міндеттелуде. Осы орайда біз бірқатар шағын кәсіпкерлік нысандарды аралап, кәсіпкерлердің пікірін білдік.

– Кассалық аппарат керек пе?

- Кассалық аппарат керек деп ойламайын. Өйткені біз шағын ғана орынбыз. Бұл жерде жақсы жүріп жатқан жұмысымыз да жоқ. Біз ол аппаратты ұрып отырамыз ба, әлде жұмыс істейміз бе?

- Маған аппарат керегі жоқ. Адам жоқ. Бар болса онда мақұл. Оны өтесе. Кассалық аппаратты мен өтей алмаймын ғой.

- Маған негізі ол керек емес те балам. Менің жағдайым жоқ қой. Оның тілін мен түсінбеймін аппаратты.

Байқағандарыңыздай, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың қолданысқа енген заңға қатысты пікірі кереғар. Қала әкімдігі мен кіріс басқармасының мамандары кәсіпкерді жинап, түсіндіруге тырысты.

- Әкімнің, Кірістер органының заңы емес өзгертетін.

- Заңға бағынамыз, бірақ, 3 пайыз қымбат қой?

- Енді 3 пайыз заңда көрсетілген не істеу керек?

- Ал сауда істей алмаған адам не істейді? Несін төлейді?

Жаңа заң бойынша 1 қаңтардан бастап сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкердің қолында кассалық аппараты болуы міндетті. Оны орнатуға шамасы жетпегендері телефонына онлайн кассасыны жүктеп алуы керек. Соның негізінде тапқан табысының 3 пайызын үкіметке салық ретінде тапсырады. «Мұндағы мақсат - көлеңкелі бизнестің алдын алып,тұтынушының құқығын қорғау» дейді салықшылар. Ал ол саудагерлерге тиімсіз. Осы мәселеге келгенде екі тарап тағы да түсінісе алмады.

- Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба заңды орындауымыз керек. Заң өзгермейді.

Ермек Әшірханов, кәсіпкер:

- Дұрыс қой, біз өтінішпен келіп отырмыз. Бұл үлкен қалалардан алынған практика шығар, бізге бәрі Түркістанға не үшін келеді? Батыстан, Атыраудың бізге келетін себебі, сол арзаншылық үшін. Егерде біз 3 пайызбен төлейтін болсақ, Алматымен теңесеміз. Ол жақта да бір баға бізде де бір баға. Сосын Түркістанға келіп қайтсін?

«Мемлекет басшысы өз Жолдауда 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнес иелері 3 жылға салықтан босатылады, деп атап өтті. Ал, жаңа заң Президенттің сөзіне қарсы», дейді сатушылар. Өйткені жаппай кассалық аппарат орнату салықты еселей түседі деп есептейді. Ал қалалық кіріс басқармасының мамандары кассалық аппарат алмағандар да автоматты түрде жалпыға бірдей салық жүйесіне көшетінін айтады.

Мұхтар Исабаев, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

- Сауда-саттықпен айналысатын салық төлеушілердің барлығы онлайн негізінде жалпыға белгіленген тәртіп бойынша салық режиміне ауыстырылуы керек. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлеушілер кірістер органына барып, өздерінің өтініштерін беріп, өздерінің таңдаған сауда режиміне ауысуы міндетті. Өтініш жазбаған жаңдайда автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне өтіп кетеді.

Салық мәселесі дұрыс жолға қойылмаса мемлекетке табыс түспейді. Ал жаңа заңның талабын тұтынушы да білгені жөн. Сіз чек талап ету арқылы өз құқыңызды қорғай аласыз. Жалпы Түркістан қаласында 11 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері тіркелген. Бүгінге дейін оның 80 пайызы кассалық аппаратты сатып алыпты. Бірақ қаншасы ол аппаратты пайдаланатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Жандос жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы