376,77 415,79 5,95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда 40 тоннаға жуық азық-түлік сауда сөрелерінен алынып тасталған

  • 173
  • UPD: 08:45, 17.01.2020

Былтыр елде шамамен 40 тоннаға жуық азық-түлік сауда сөрелерінен алынып тасталған.

Себебі тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне сай болмапты. Сапасыз деп танылған өнімдердің қатарында отандық және импортық тауарлар да бар.

Санжар Кәрімбеков – жас кәсіпкер. Бірнеше ай бұрын бизнес бастаған. Шаруасына кіріспес бұрын бірден кедендік одақтың сәйкестік туралы декларациясын толтырып алыпты. Бастапқыда қиындықтар болған. Себебі бірінші кезекте өндіріс цехын сол декларацияға негіздеу қажет еді. Жеке ғимарат болуы шарт. Өндірістің қондырғылармен толықтай жабдықталып, санитарлық талаптардың қатаң сақталуы міндет болған. Енді осының бәрін құжат бойынша реттеп алған соң, кәсібі өрге басқан.

Санжар Кәрімбеков, кәсіпкер:

– 6-7 айдан соң ISO 22000 халықаралық стандартына сәйкес өндіріс құрамыз. Бүгінгі таңда кәсіпорнымызды бірнеше аумаққа бөлдік. Бұл бақылауды күшейтуге сеп болады. Сәйкесінше сапаға да әсер етеді.

Халықаралық сертификатты алғаныңыз, бәсекеге қабілетті болғаныңыз. Шетелдердің нарығына да жол ашылады. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақтағы мемлекеттерде де тауарды емін-еркін саудалауға болады. Қазір осыған басымдық берілуде. Яғни халықаралық сертификат болса, тауар сапалы. Әйтпесе осы кезге дейін кейбір азық-түліктердің сапасыз екендігі анықталған.

Гүлшарат Қожатова, ҚР ДСМ комитеті басқармасының бас сарапшысы:

– Былтырғы 11 айда біз 47 мыңнан астам азық-түлік сатып алып тексердік. Оның 16 проценті техникалық регламентке сай болмай шықты. Қауіпсіздік бойынша 27, белгіленуі жөнінде 69 процент заң бұзушылықтар анықталды. Айталық, мемлекеттік тілде ақпараттар жазылмаған. Тіпті кейбірінде тағамның әзірленген уақыты мен сақталу мерзімі де жоқ.

Тұрмысқа қажетті тауарлар азық-түлік сияқты емес. Бұл тұрғыда сапасыз өнімдер аз екендігі айтылды. Мамандар бір жыл ішінде 3 мыңдай өнім түрін тексеріпті. Нәтижесінде бірен-саран кемшіліктер анықталған. Ал улы сусабын яки ұнтақтар сауда сөрелерінде кездеспеген.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы