411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арал жағалауындағы Ақбасты ауылында балық консервілейтін цех ашылды

  • 498
  • UPD: 18:16, 19.01.2020

Ақбасты ауылында балық мұздататын және консервілейтін 2 цех ашылды. Арал теңізі жағалауындағы жұрттың осындай кәсіп бастауына қайтарымсыз гранттың көмегі тиген. Тұрығындары тек балық аулап, мал бағып күнелткен елді мекенде бүгінде түрлі бизнес идеялар жүзеге асып, шағын бизнес өркендей бастады. 

Ақбасты ауылында бұрын да балық өңдеу зауыты болған. Сәуелхан Смағұлов сол өндірісте 40 жыл тер төгіпті. Алайда теңіз тартылғаннан кейін 1976 жылы кәсіпорын да құлдырайды. Содан бері ауылдың болашағына деген сенім мен үміт азая бастаған еді. Көнекөздер осылай дейді. 

Сәуелхан Смағұлов, Ақбасты ауылының тұрғыны:

- Үмітсізден жеткергендей деп тұрмын ғой. Енді арғы бетте Қаратерең, Бөгенде зауыт ашылды. Ол енді арғы бетте халық көп. Солай деп отыр едік енді мынау Ақбастыға келіп зауыт ашу бұл үлкен батылдық және көмектің есебі. 2 жылдың ішінде осы жерде ешқандай кәсіпкер жоқ еді, қазір 20-ның үстінде кәсіпкер бар. 

Теңіздің етегі бұл ауылдан 15 шақырым жерде жатыр. Ауылдағы 50-ге тарта балықшы жылына ондаған тонна балық аулайды. Олар бұйырған су маржанын бұрынғыдай теңіз басынан арзанға саудаламай, арнайы тазалау цехына өткізеді. 

Жандос Құлманов, балық сақтау цехының директоры:

- Бұрынғыдай емес енді қазіргі зауыттың тиімділігі әкелген балық жауылады, қаптап, қаңылтырларға салып, тоңазытқышта 1 тәулік қатырылады, сосын қайтадан қапталып, 100 тонналық қоймаға сақталады. 

Ата кәсіптен қол үзбеген ауылдықтар ең құнсыз деп саналатын майда шабақтарды да өңдеуді қолға алған. Әзірге балықты бұқтырып, консервілеу цехының қуаты өте көп емес. Күніге 40 құты ғана дайындалады. Бірақ шалғай ауылдағы тың жобаның болашағы зор дейді мамандар. 

Асқар Құлжанов, технолог:

- Негізгі мақсаты осы ауылдағы құнсыз балық транды, қысқаша айтқанда шабақ, соны жоғары бағада, кәдімгідей өткізу. Екінші мақсат-осы азғантай кәсіпкерлерімізді ұлғайтып, ауылда жұмыссыз балдарды жұмыспен қамту. Үшіншіден ауылдың атын шығарып, көркейту есебінде. 

Бүгінде Арал ауданында барлығы 8 балық өңдеу зауыты бар. Бұл өндіріс орындары жылына 20 мың тонна балық өңдейді. Өткен жылы Арал ауданынан 3 мың тоннадай су маржаны шетелге экспортталған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы