412,55 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Неміс бизнесмендері Қазақстанға қаржы салуға мүдделі

  • 386
  • UPD: 14:24, 22.01.2020

Неміс компаниялары Қазақстан экономикасына инвестициялар көлемін арттыруға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапарымен барып, бұл аймақтың жетекші кәсіпкерлерімен кездесті. Сондай-ақ Дортмундта жергілікті бизнес-қауымдастығына Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырған дөңгелек үстел өтті.

Солтүстік Рейн-Вестфалия – Германияның халық ең тығыз қоныстанған федералдық өлкесі. Бұл – Байер, Метро, Люфтганза секілді ірі концерндердің штаб-пәтерлері орналасқан экономикалық жағынан да жақсы дамыған аймақ. Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация Дортмундта өңірдің жетекші кәсіпкерлерімен 10-нан аса екіжақты кездесу өткізді. Іскер ортаның өкілдері елімізге қызығушылығын жасырмай, нақты жобаларды талқылауға келген.

Андрес Руфф, компанияның бас директоры:

Біз Қазақстанға инвестиция салуды көздеп отырмыз. Компаниямыз ет өндірісі мен оны өңдеумен айналысады. Қазақстанда фабрика ашып, өнімін өзге елдерге экспортқа шығару жоспарымызда бар. Елдеріңіз керемет, агроөнеркәсіп саласында мүмкіндік мол. Келіссөздер мазмұнды өтті. Премьер-министр орынбасарының сапары Қазақстан инвестицияларға ашық ел екенін байқатты.

Йоахим Голдбек, компанияның бас директоры:

- Біз Қазақстанда екі ірі жобаны жүзеге асырдық. Біреуі Қарағанды облысының Сарань қаласында орналасқан. 150 миллион доллар инвестиция құйдық. Қазір Оңтүстік Қазақстан мен Қарағандыда өзге жобаларды іске қосу туралы келіссөздер жүргізіп келеміз. Қазақстан қарқынды дамып жатыр және Күн энергетикасын қолдануда әлеуеті зор деп санаймын. Бір жағынан, бұл кең-байтақ жері, екіншіден, шуақты күндері көп.

Сондай-ақ Дортмундта неміс бизнес қауымдастығы өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Бұл басқосуға 24 компанияның жетекшілері қатысты. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлерге Қазақстан Президентінің бастамасымен неміс бизнесіне жасалған ереше жағдайлар, жеңілдіктер мен қолдау шаралары туралы айтылды.

Рустам Исатаев, ҚР СІМ Инвестициялар жөнінде комитетінің төрағасы:

- Экономикамыздың басымдық берілген салаларына қаржы салған елдер ең көп табыс табатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Неміс бизнесмендері нақты сауалдары мен тілектерін жеткізді. Оның бәрін Роман Скляр басқаратын жұмыс тобы қарастырады. Бұл топ Мемлекет басшымыздың Германияға сапары барысында оның тікелей тапсырмасымен құрылған.

Германия – әлем бойынша «Индустрия 4.0» тұжырымдамасын ендіре бастаған алғашқы елдерді бірі. Дортмундта қазақстандық делегация сорғылар шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында робототехниканың ең үздік жетістіктері қолданылып келеді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы