376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының бюджеті 58% артқан

  • 93
  • UPD: 11:23, 24.01.2020

Павлодар облысының бюджеті соңғы үш жылда 58 процентке артты. 2016 жылмен салыстырғанда  экономикалық өсім 6 жарым есеге ұлғайған.  Өнеркәсіп саласы  90 процент  өсім берсе, өзектілігі жағынан күн тәртібінен түспей келген  ауыз су мәселесі оң шешімін таба бастады. Тұрғын үй құрылысында да қарқын бар.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қай өңірде қанатты металл алынып, одан автокөлік дискілері жасалады? Ең арзан электр қуатын тұтына отырып, жыл он екі ай раушан гүлдері мен қызанақ өсіретін өңірді білесіз бе? Иә, бұл Павлодар облысы. Соңғы үш жылда экономиканың барлық саласында алға ілгерілеушілік байқалады.

Облыста тұралап қалған барлық құрылыс нысандары аяқталды. Он жылға созылған Беловод және Май топтық су құбырының  құрылысы аяқталып, халыққа сапалы ауыз су жетті. Ал, суға бекітілген тарифті субсидиялау биылғы жылдың басты жаңалығы болды. Өйткені ауыл тұрғындары үшін судың бағасы қымбатқа түскен еді.

Арман Оспанов,  Май топтық су құбыры учаскесінің шебері:

- Су құбырының ұзындығы 142 шақырымды құрайды.  Ақжар ауылына дейін тартылған құбыр басылып, жуылып шайылды. Гидрогеологияның мәліметі бойынша  мұнда 20 жылға жететін су қоры бар. Біз 10 мың халыққа қызмет көрсетеміз. Ол Май ауданының 10 елді мекені.

КТМ: Облыс орталығына жақын жатқан Ақсу қаласының жеке қазандығы пайда болды. Бұл металлургтер шаһарының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосады. Көпқабатты үйлер салып, жекеменшік тұрғын үй секторын дамытуға зор мүмкіндік туды. Ал, отын-энергетика саласына  мамандар даярлайтын Екібастұздағы өңіраралық кешеннің құрылысы 10 жылға созылды. Батпақты жерге салынған ғимараттарды  қайраң судан тазарту оңайға түспеді. Бірақ  шешімі табылды.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл әлемдегі ең биік түтін мұржасы. Ұзындығы  420 метр. Гиннестің рекордтар кітабына енген. 2010 жылы Екібастұздың ГРЭС-2  станциясында 3-энергоблоктың құрылысы басталған болатын. Алайда 2016 жылы  құрылыс кейінге қалдырылып, тек 2019 жылы қайта жанданып отыр.

Екібастұз станциялары еліміз бойынша ең арзан электр қуатын өндіреді. 1 кВт/сағаты 8 теңге. Бұл инвесторлар үшін қолайлы. Оны ұтымды пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Мәселен  голландтық тәсілмен раушан гүлдерімен  қызанақ өсіретін жылыжай кешені.

Елена Ловдарь, жылыжай кешенінің маманы:

- Біз қосымша 10 гектар жылыжай кешенін және көшет өсіретін  бір гектар алқапты іске қостық. Өнімнің сапасы өте жақсы. Көшеттерді ары қарай блоктарда өсіреміз.

Екібастұздың арзан электр қуатының басым бөлігін теміржол көліктеріне арналған дөңгелектер мен  бұрмалы бағыттағыштар шығаратын кәсіпорын тұтынады. Индустрияландыру картасына енген өндіріс ошағы толық автоматтандырылған. Өкінішке орай, бұрмалы бағыттағыштар өндірісі өткен жылдан бері  тоқтап тұр. Зауыт еңбекшілеріне жалақы жартылай ғана төленеді. Көпшілігі  демалысқа шығуға мәжбүр болған. Жағдайдың қашан тұрақталатыны белгісіз.

Анар Айтқазин, индустриалды-инновациялық даму басқармасы  басшысы орынбасарының м.а.:

- Кәсіпорын қызметін қайда жандандыру тетіктері қарастырылып жатыр. Бұл мәселені біз бақылауға алдық. Өзара түсіністік орнаған. Жақын болашақта  оң шешімін тауып қалар деген үмітіміз бар. Ұлттық тасымалдаушылар бағыттағыш бұрма жасайтын отандық тауар өндірушілердің жағдайын тағы бір мәрте зерделеп, қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

Ал автокөлік дискілері жасалатын зауытта қарқын бар.  Өткен жылы 1 миллион алюминий дискілері  өндірілді. Экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорынның  елімізде шығарылатын   барлық көліктерді отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетеді. Бұл «Қазақстан электролиз» зауытының үшінші буын өнімі. Шикізат қоспалы алюминий зауытынан алынады. Қос   кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жапсарласа салынған. Ол  қуат көздерін үнемдеп, өнімділікті арттыруға септігін тигізіп отыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы