419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО: «Besqaragai Invest 2020» форумы табысты өтті

  • 545
  • UPD: 19:25, 25.01.2020

Жиын соңында жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге тең келетін жобалар бойынша әкімдік пен іскер азаматтар арасында меморандум бекіді. 

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған іскерлік форумда ауданның инвестициялық әлеуеті жиналғандарға кеңінен баяндалып, әкімдік тарапынан кез келген жобаларға жан-жақты қолдау болатыны айтылды. Бесқарағай ауданында туып өсіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер де құр қол келмепті. Кейбірінің жобалары дайын екен. Мәселен, астаналық кәсіпкер Болат Садық өңір ғана емес, республикаға танымал шипалы Шошқалы көлінің маңайында демалыс кешенін салғысы келеді. 

Болатқазы Тұрсынғазыұлы, сәулетші:

- Ол жерде үлкен адамдар семьясымен келсе, 120 адам демалады. Балаларға 360 орын жазғы уақытта демалатын. Сол уақытты пайдаланып, жас балаларға тәлім-тәрбие атпен серуендеуге біз арнаулы 10 жылқы болады, сол жылқыға арналған кішкентай ғана өзінің фермасы болады, ат қорасы болады. Содан кейін орманның жан-жағына жолдар, серуендік болады.

Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 500 миллион теңге. Тек кәсіпкерлер әкімдік 12 шақырым жол мен электр қуаты мәселесін шешіп берсе дейді. Атқарушы билік өкілдері бұған қолдау білдірді. Сонымен қатар Бесқарағай ауылында 120 орындық балабақша салу, сүт және ет өнімдерін шығаратын цехты іске қосу, аудан орталығында жастарға арналған саябақ ашу сияқты ірі жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Шалқар Байбеков, Бесқарағай ауданының әкімі:

- Мұны енді жылда өткіземіз бе деген ойымыз бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген Бесқарағайдан шыққан азаматтар келіп, бүгін өз елдеріне «Рухани жаңғыру» бойынша тағзым беріп жатыр бәрі. Қол қойылған жобалар сомасы 1 миллиард 25 миллион теңгедей. Әр жобаға байланысты 100-ге жуық жұмыс орыны ашылады деген ойымыз бар. 

Құмар Мұқашев, еңбек ардагері:

- Жақсы бизнес форумға қатысып, өте қуанып, барлық жас жігіттермен араласып, солармен сөйлесіп, өте жақсы болды. Бесқарағай бұрыннан келе жатқан өзіміз өскен жер, ол бай жер. Адам еңбек жасаса, жер де жақсарады, ел де жақсарады. Осы еліміз өсе берсін! Жас жігіттер өсе берсін, қызметтері алға жүрсін, біз соған қуаныштымыз!

Іскер азаматтар бірігіп қайырымдылық қорын ашу жөнінде де келісімге келді. Мұнда жиналған қаражат арқылы тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмек көрсетіліп, ауылдағы өзге де әлеуметтік мәселелерді шешу көзделген. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы