412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы жеңілөнеркәсіп нысандары неліктен толыққанды жұмыс істемей отыр

  • 358
  • UPD: 22:05, 27.01.2020

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдауларға дайындық аясында тоқыма кәсіпорындары мен шикізат өндірісінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында жеңілөнеркәсіп саласында қордаланған мәселелер қаралды. Отандық кәсіпкерлер заңсыз импортпен күресуге бағытталған Үкімет Қаулысының орындалуын сөз етті. Сондай-ақ тоқыма кәсіпорындарының жұмысын жақсарту үшін бірнеше ұсыныстар жасады. Олардың қатарында сыртқы экономикалық қызметтегі тауар номенклатурасының коды бойынша қосымша зертханалар ашу, заң бұзатын импорттаушыларды жазалау шараларын қайта қарау және мектеп формасын ұлттық стандарттарға сай тігу секілді бастамалар бар. Сонымен қатар кәсіпорын өкілдері Ауыл шаруашылығы министрлігінің шикізатты жинау және өңдеушілерге арнайы ереже бекітпеуінен, осы шикізат атаулы басқа елдерге кетіп жатқанын алға тартты. Салдарынан Қазақстандағы жеңілөнеркәсіп нысандары толыққанды жұмыс істемейді дейді олар. Өз кезегінде Сенат төрағасы бұл салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілу керек деді.

Дариға Назарбаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы:

– Жеңіл және тамақ өнеркәсібіне қазір басымдық берілуі тиіс. Себебі бұл салалар біріншіден импорттық тауарларды алмастыруға көмектеседі. Екіншіден, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондықтан бұл салалар қарқынды мемлекеттік қолдауды қажет етеді.

Гүлмира Уахитова, отандық өндірушілердің «Жасампаз» консорциумы атқарушы кеңесінің төрағасы:

– Қорғаныс министрлігінен басқа, әлеуетті құрылымдардың бәрі матаға тапсырыс бергенде импорттық өндірушілердің көрсеткіштерін жазып отырады. Оны тексеру қиын емес. Олардың көбі заттай мүлікке қатысты ұлттық стандарттардың талаптарын сақтамайды. Бізде 2015 жылы барлық күш құрылымдарына 108 ұлттық стандарт жасалған. Оны Қорғаныс министрлігінен басқа ешкім қолданбайды. Ақшаны бір бұйымға саламыз дейді. Ал іс жүзінде көрмеден келгеннен кейін басқа бұйымға қаржы құйып тігеді. Ал ол отандық тауарлардың қымбаттауына әкеліп соғады.

Хабар 24 телеарнасы