431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да боран салдарынан сүт өндірушілер шығынға батты

  • 229
  • UPD: 23:24, 29.01.2020

Күн райының қолайсыздығы  Шығыс Қазақстандық  тауар өндірушілерді тығырыққа тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, аймақтағы ірі сүт өндірушілердің бірі соңғы екі-үш күн ішінде 50 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған. Тағы бір сүт өндірісімен айналысатын мекеменің 100 тоннадан астам  дайын өнімі  тұтынушыларға жетпей қалды. Сондықтан ондағы жұмыс қарқыны бәсеңсіп, тіпті, бірнеше жұмысшыны демалысқа жіберуге тура келген.

Облыстағы ірі сүт өнімдері кәсіпорнының бірі – осы мекеме.Қазір бұнда әдеттегідей қарбалас жоқ. Өйткені  бірнеше күннен бері жеткізу, тасымалдау жұмысы тұралап тұр. Сүт, майға, ірімшікке толы көліктер Нұр-Сұлтан, Қарағанды,Теміртау, Жезқазған, Алматы қалаларына жете алмай жатыр. Кейбір көліктердің жолда қалғанына 4 күн болған. Басқа шаһарларды былай қойғанда облыс ішіндегі 17 елді мекенге тауар жеткізу мүмкін емес.

Сергей Коротков, сүт өндіру компаниясының маркетолог маманы:

– Жолда қалғандардың айтуынша, жағдай күн сайын ушығып барады. Автожолдарды қар басып алған. Қатты бұрқасын соғып тұр. Көлік жүргізушілерімен үнемі байланысып отырмыз. Әзірге боранның басылар түрі көрінбейді. Дәл қазіргі уақытта Өскемен қаласынан 4 көлік Семейге, Шемонайха мен Алтайға, Ақжар Зайсанға  шыға алмай отыр.

Сүт өнімдері бойынша тағы бір танымал компаниядағы жағдай да осыған ұқсас. Астанаға бағытталған көліктерінің жолда қалғанына 5-ші тәулікке ұласыпты. «Енді ол тауарды кері қайтарып жойғаннан басқа амал жоқ», – дейді өндірушілер.Осылайша бүгінгі күні бұл кәсіпорынның 100-тоннадан астам өнімі діттеген жеріне жете алмаған. Салдарынан бірнеше жұмысшыны демалысқа жіберуге тура келген. Ал өнім қуаты 20-30 процентке төмендеді.

Сырым Әділов, сүт өнімдері сауда үйінің директоры:

– Облыс бойынша өнімдерімізді тасымалдай алмай отырғанымызға мінеки, 3-ші тәулік болды. Яғни, Риддер, Шемонайха, Семей, Алтай сынды қалаларға тауарларымыз жетпей жатыр. Ал ауылдардағы сүт қабылдау пунктері болса күн сайын хабарласады, алайда оларға барып жиналған сүтті әкетуге де ауа райы мүмкіндік бермей тұр.

Жолдағы жағдай шынымен де мәз емес.Тәртіп сақшылары күні түні кезекшілік жүргізіп, алыс сапарға шыққан көлік жүргізушілерін үйлеріне қайтаруда. Өйткені күндіз күн ашық болғанмен, кешке қарай алай-дүлей боран басталады.

Қуаныш Сейітқазинов, ПД екінші взвод командирінің міндетін атқарушы:

– Қала сыртына шықпас бұрын хабарламалар оқып, ұялы телефонға қарап, арнайы өкілдерге қоңырау шалу керек. Осы айдың ішінде біз шамамен 8-9 рет жолды жаптық, жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсетіліп жатыр.

Айта кету керек, осы аптаның басынан бері өлкеде жолда қалып қойған 200-ге жуық адам құтқарылды. Арасында 11 бала бар. Республикалық маңыздағы 8 бірдей жол бөлігі жабық. Сондықтан азық-түлік тасымалына күн райы әлі біршама қолбайлау болмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы