377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нидерланд Қазақстан экономикасына 15 жылда 90 млрд доллардан аса инвестиция салған

  • 292
  • UPD: 12:09, 01.02.2020

Қазақстан мен Нидерланд арасындағы экономикалық байланыс жыл санап нығаюда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 15 жылда бұл мемлекет еліміздің экономикасына 90 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция салды. Өткен жылдың алғашқы тоғыз айында арадағы тауар айналымы 4 миллиард доллардан асқан.

Қазақстан Нидерландқа мұнай мен мұнай өнімдері, ферроқорытпалар, титан мен одан жасалған өнімдерді экспорттайды. Ал бұл елден дәрі-дәрмек, машиналар мен құрал-жабдықтар, жоғары технологиялық аспаптар мен құралдар және ауыл шаруашылық өнімдерін сатып аламыз. Бүгінде Қазақстанда Нидерландпен бірлескен 800-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Нидерландтағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Шикізатқа қатысы жоқ салаларда сауданы дамытуға екпін жасалды. Бұл – ауыл шаруашылығы, көлік тасымалы, логистика, ақпараттық технологиялар. Бүгінгі шараның мақсаты тап осы салаларда әріптестікке шақыру болды. Сол себептен мұнда осы салаларда жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлер келді.

Нидерланд – Қазақстандағы ең ірі инвестор. Голландиялық компаниялар Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бері елімізде жұмыс істеп келеді. Қазір де олар жергілікті компаниялармен серіктестік орнатуға ниетті.

Дирк Алевен, «Грин Капитал Қазақстан» компаниясының басшысы:

– Біз Ақтөбеге 2017 жылы инвестиция сала бастадық. Осы аймақтың экономикасына 30 миллион еуро қаражат құйдық. Алдағы екі жылда да осындай мөлшерде инвестиция әкелуді көздеп отырмыз. Бұл аймақта 10-20 жыл жұмыс істеу жоспарымызда бар, Қазақстаннан кетуге себеп жоқ. Актөбеде табиғи газ жеткілікті, бизнес жүргізуге жақсы мүмкіндіктер бар, Ресей нарығына жақын және жылыжайлар салуға ыңғайлы. Суық болғанымен, шуақты күндері көп.

Нидерланд - Еуропаның логистикалық хабы. Өз кезегінде Қазақстан Орталық Азияның көлік хабына айналайын деп тұр. Нидерланд-Қазақстан бизнес қауымдастығы төрағасының пікірінше, бұл елдер арасында тығыз ынтымақтастық орнатуға мол мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда 60-тан аса ірі голландиялық компания жұмыс істейді. Олардың көбісі – бірлескен кәсіпорындар.

Хенк Нибур, Нидерланд-Қазақстан бизнес қауымдастығының төрағасы:

– Қазір Қазақстанда экономиканы дамытудың бес басым бағыты бар. Оның бірі – ауыл шаруашылығы. Нидерланд агроөнімдер экспорты бойынша әлемде екінші орында. Кәсібін кеңейтіп, шетелде жұмыс істеуге ниетті осы салада инвесторлар көп. Олардың технологияларын қолданып, Қазақстан әлемдік деңгейдегі өндірушіге айнала алады.

Ақпан айында Роттердамда Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық мүмкіндіктерін таныстыратын конференция өтеді. Онда үш елдің тиесілі министрліктерінің өкілдері мен кәсіпкерлер инвестициялық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жолдарын қарастырады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы