loader

Былтыр Қазақстанда 111,1 млн тонна көмір өндірілді

Былтыр Қазақстанда 111,1 млн тонна көмір өндірілді

2019 жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялары 111,1 млн тонна көмір өндірді.

Энергия өндіруші кәсіпорындарға 57,2 млн тонна көмір жөнелтілсе, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 6,3 млн тонна көмір жеткізілді. Ал коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 11,4 млн тонна көмір жөнелтілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 92%-ды құрайды.

Көмір энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей шарт бойынша көмір разрездерінің жөнелтілу бағасымен жіберіледі. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржалары арқылы сатылады. Оның коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік және халық үшін көмір бағасы көмір разрезінің жөнелту бағасынан (әзірлеу жағдайына байланысты тоннасына 3-6 мың теңге), тасымалдауға кеткен темір жол тарифтерінен, жылжымалы құрамды күтіп-ұстау, көмірдің биржалық құнынан, сондай-ақ халыққа жеткізетін делдалдық ұйымдардың және жеке тұлғалардың маржасынан қалыптасады.

Көмір экспорты шамамен 28 млн тоннаны немесе 2018 жылмен салыстырғанда 96% құрады. Көмірдің ең үлкен көлемі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Түркияға жөнелтілді.

Қазақстанда көмір өнеркәсібінің барлық негізгі сегменті бар, алайда энергетикалық көмірді өндіру мен пайдалану ерекше дамыған. Көмір өнеркәсібі экономиканың ірі салаларының бірі және электр энергиясының шамамен 70% өндірісін, кокс-химия өндірісінің толық тиелуін қамтамасыз етеді, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады. Қазақстандағы көмір қоры 34 млрд тоннаны немесе әлемдік қордың 4% құрайды. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемдегі он көшбасшы елдердің қатарына кіреді.

Көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында 2019 жылы Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары жасалды.

Көмір химиясын дамыту, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдерді алу үшін көмірді терең кешенді қайта өңдеу мәселелері басты назарға алынды. Заманауи технологиялар көмірден өңделген өнімнің 5 мыңнан астам түрін өндіруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында ферроқорытпалар, металл кремний, құрылыс материалдары, техникалық көміртегі, көміртегі сорбенттері және т.б. бар. Бұл отандық бизнес саласын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер береді.

Ақпарат көзі: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ...