447,59 487,00 5.74

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германия Қазақстан экономикасына 8,5 млрд доллар инвестиция салған

  • 187
  • UPD: 15:40, 14.02.2020

Қазақстан және Германия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 28 жыл толды. Осы уақытта өзара сауда-саттық қарқынды дамып, қос ел бірлесіп көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асырып отыр. Германия Қазақстан экономикасына 8 жарым миллиард доллар мөлшерінде инвестиция құйған. Осы инвестициялардың 90 пайызы шикізатқа қатысы жоқ салаларға салынған.

Қазақстан мен Германия арасында нағыз достық қарым-қатынас орнаған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропаға алғашқы ресми сапары осы елден басталғаны осыны айғақтаса керек. Осыдан екі ай бұрын Президент Берлинге барып, Германия канцлері Ангела Меркельмен келіссөздер өткізген еді.  Оның нәтижесінде екі ел арасында 2,4 млрд доллар көлемінде келісім-шарттар жасалды. Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды әріптесі санайтын Германия үкіметі елімізбен саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ниетті.  

Аксель Фишер, Бундестаг депутаты:

- Президент Тоқаевтың Еуропаға алғашқы сапары Германиядан басталғаны зор мағынаға ие. Бұл екі елдің қарым-қатынасының берік екенінің белгісі. Біз үшін де Қазақстан Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес. Ынтымақтастығымыздың ауқымын кеңейтуге мол мүмкіндіктеріміз бар. Экономикамен қатар ғылым мен білім беру салаларында әріптестік орнаттық. Біз өз жағымыздан әрдайым тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.  

Бүгінде Қазақстан экономикасының түрлі салаларында неміс капиталы бар 900-ға жуық компания жұмыс істейді.  Олардың арасында бүкіл әлемге танымал брендтермен қатар шағын фирмалар да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс инвесторлары үшін ерекше жағдай жасалатынын жариялағаннан кейін жергілікті іскер қауымның Қазақстанға қызуғышылығы арта түсті. 

Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасы шығыс комитетінің аймақтық директоры:

- Неміс кәсіпкерлері Қазақстан инвестиция жасауға өте қолайлы ел екенін көріп отыр. Сондай-ақ Германия бизнесі үшін жасалған жағдай Қазақстан нарығына қызығушылықты арттырды. Жақында  Дортмунд қаласында Солтүстік-Рейн Вестфалия аймағы кәсіпкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Алдағы айларда бірлескен жобалардың саны артатынына сенімдімін. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында Германияның оңтүстігіне де барады. Мюнхен конференциясының жұмысына қатысумен қатар, ол неміс бизнесінің көшбасшыларымен де екі жақты кездесулер өткізеді.

Авторы: Шолпан Найманбаева

Хабар 24 телеарнасы