411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аралда түйе сүті өңделе бастады

  • 532
  • UPD: 09:02, 19.02.2020

Қызылорда облысы Арал ауданында алғашқы сүт қабылдау бекеттері ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

40 мыңнан астам ойсылқара тұқымы бар өңірде түйе сүтін терең өңдеп, оны шетелге экспорттау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Теңіз маржанын теріп жеген жұрт «шөл кемесі» атанған түліктің сан дертке дауа шұбатын бұған дейін өткізе алмай жүретін. Жергілікті билік инвестор тарту арқылы агроөнім шығаратын зауыт салудың орайын тапты.

Саусаң сусын, жесең азық, мінсең көлік ойсылқара тұқымы теңізден жырақ қоныстанған Арал жұртын асырап отыр десек қателеспейміз. Шұбат өндірісін жандандырып, халықаралық нарыққа шығу тетіктері жіті сараланып, бірнеше инвестордың жобасы мақұлданды. Алматылық кәсіпкерлер Аралқұм, Сексеуіл мен Жақсықылыш ауылдарында сүттің литрін 800 теңгеден қабылдауды бастап кетті. Тіпті сауын інгені көп түйекештерге автоматты сауу құрылғысы тегін беріледі.     

Ғалым Кәпу, кәсіпкер:

– Ең қымбаты түйе сүті, кейін ешкі мен сиыр сүтін іске қосу мақсатымызда бар. Өнімге шетелден көп сұраныс бар. Әсіресе, Аралдың сүтін зертханалық зерттеу нәтижесінде түйенің жеген дәнді дақылдарына байланысты сүті қою әрі көрсеткіштері өте жоғары деңгейде болып тұр.

Кәсіпкерлікке жасалып жатқан қолдауды тиімді пайдаланып, ата кәсіпті алға оздырса, төрт түліктен түсер табыс көл-көсір екенін аралдықтар ұғынса керек. Көлем күн сайын ұлғайып келеді. Көктем шыға, тәулігіне бір жарым тонна сүт Алматыға жөнелтілмек. Өйткені құрғақ сүт шығарып, көрші елдерге экспорттайтын зауыт Алатаудың баурайында орналасқан. Енді ол өндіріс ошағын шалғайдан осы Аралға көшіру жобасы жүзеге асырылады.  

Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:

– Сол жоба осы наурыз айында басталады деп отырмыз. Жалпы құны 1 жарым млрд теңгені құрайды. Жаңа технологияда түйе сүтін жылына 130 мың тонна құрғақ сүтке айналдырып, оны экспортқа шығару керек. Әрине қажетті ірі жоба. Қазір жер телімін табыстап жатырмыз.

Маң-маң басқан, шудаларын шаң басқан өркешті жануардың еті-сүтінен бөлек жүні де қып-қызыл ақша. Келісі мың теңгеге дейін бағаланады. Түйенің түбітін тазалап, өңделген тауарды қымбатқа сату жобалары да жан-жақты пысықталу үстінде. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы