422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО: шаруалар Чехиядан әкелінген сиырларды тіркеуден өткізе алмай отыр

  • 402
  • UPD: 21:19, 24.02.2020

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері 50 бас симментал сиырын ұстады. Шаруа Қайрат Жәнібеков асыл тұқымды малды Чехиядан әкеліп, карантиннен өткізген. Енді ветеринарлар Қазақстанда бұл елдің түлігіне тыйым салынған деп табынды тіркетпей отыр.

Шенеуніктердің бұл шешімімен прокурорлар мен заңгерлер келіспейді. Тараптардың пікірін Айдарбек Айтмұхамбетұлы тыңдап қайтты. 

Шаруа Қайрат Жәнібеков «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, шетелден 50 бас симментал сиырын сатып алды. Келісім-шарт словакиялық компаниямен жасалған. Ал ірі қара Чехиянікі болып шықты.  

Қайрат Жәнібеков, серіктестік директоры:

- Асыл тұқымды мәртебесін алу үшін палатаға өтініш білдіріп едік, тіркемеді. Шілде айында ауыл шаруашылығы министрлігімен Чехиядан мал әкелуге шектеу қойылыпты. Сондықтан осындай жағдай туындап отыр. 

Енді шаруа не істерін білмей дал. Ветеринарлар малды келген жағына қайтар деп отыр. Оны мамандар былай түсіндіреді. 

Марат Ыбраев, ҚР АШМ аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы:

- Былтыр ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның қатысуымен жиын өтті. Онда Қазақстанға Чехиядан асылтұқымды малдың орнына нашар малдың әкелінгелі туралы айтылды. Ел бойынша осындай 30 дерек тіркелген. Сондықтан тасымалға уақытша шектеу қойылды. 

Қайрат «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Ондағы заңгерлер бұл сұрақты егжей-тегжейлі зерттеп, шығарылған шешімнің заңсыз екенін анықтады. Бұл туралы прокурорлар ветеринарларға қадағалау актісін де жіберді. 

Айдос Кенбейілов, кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

- Мұндай шара, ол вице – министр болсын, жиналыстың хаттамасы негізінде шығарылмауы тиіс. Ол бойынша нормативтік құқықтық акт рәсімделеді. Ал ол құжат жоқ. Біздің ойымызша, Чехиядан мал әкелуге заңды түрде шектеу қойылмаған. 

Қазір мал тіркелмеген. 50 басты мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері ұстап отыр. Жем-шөбін беріп, жайлап жатқан жоқ әрине. Бірақ мәселе бір айда шешілмесе аукцион арқылы сатып жіберуі мүмкін.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы