445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында серіктес кесірінен шығынға батқан кәсіпкерлер дабыл қақты

  • 121
  • UPD: 22:58, 24.02.2020

Қарағандыда «шығынға баттық» деп шырылдаған бизнесмендердің мәселесі бүгін кәсіпкерлер палатасында қаралды. Осыдан бірнеше жыл бұрын түрлі контрагенттермен жасалған мыңға жуық келісім-шартты сот заңсыз деп тапқан. Енді бизнесмендер миллиондаған салық берешегін қазынаға қайтаруы тиіс.

Саран қаласындағы құрылыс компаниясының бірі банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Онда жұмыс істейтін 400-ге жуық адам амалдың жоқтығынан ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Бизнес серіктестерінің жауапсыздығынан компания мемлекетке 700 миллион теңгеге қарызға батыпты. Құрылыс материалдарын жеткізуші фирмамен арада жасалған келісім-шартты сот заңсыз деп тапқан.  

Валерий Болуков, құрылыс компаниясының директоры:

- Мәселен, біз қандай да бір нысанды 2 немесе 3 миллиард теңгеге салған болсақ, сол ақшаның 70 проценті құрылыс материалына кетеді. Сонда шамамен миллиард теңгеге жасалған келісім-шарт заңсыз болып шығады. Материалды сатып, бюджетке салық төлемеген жауапсыз компанияның қарызын біз неге қайтаруға тиіспіз. Ең сорақысы, сол компаниялар әлі күнге жұмыс істеп келеді, оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ.    

Салық органдары мұндай «бір күндік» жалған фирмаларды оп-оңай анықтай алады. Әдетте олардың не активі, не жұмысшысы болмайды. Көрсетілген заңды мекен-жайында орналаспаған, ал ең бастысы, олардан салық түспейді. Соның кесірінен миллиондаған берешекті олармен серіктес болған компаниялар төлеуге мәжбүр. 

Тахиржан Манапов, мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл жерде шығынға баттық деген компаниялардың да кінәсі бар. Арзан тауар немесе жұмыс күшін іздейді. Ал ондайлар негізгі міндеттерін атқарғанмен, тиісті құжатты бере алмайды. Себебі заңды түрде тіркелмеген немесе салық төлеуден жалтарып жүргендер. Осыдан соң қос тарап құжатты реттеп беретін «бір күндік» фирмалардың көмегіне жүгінеді. Соңында осындай былықтар шығып жатыр. 

Қазіргі күні сот мыңға жуық келісім-шартты заңсыз деп тапқан. Бірақ бизнес өкілдері бұл шешіммен келіспейді. 63 адам кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келген. Ал заңгерлер бұл жағдайда тек заңға өзгеріс енгізу қажеттігін айтып отыр. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы