447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Халықаралық бағыттағы контейнерлік жүк тасымалының көлемі 79%-ке өсті

  • 176
  • UPD: 23:45, 28.02.2020

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы былтыр контейнерлік жүк тасымалы көлемін 2018 жылға қарағанда 24%-ке көбейтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы көрсеткіш 79%-ке өскен.

Астық, көмір және мұнайдың транзит жүк ретінде әлемнің бір шетінен екіншісіне жедел әрі арзан бағамен жетуі тапсырыс берушілердің көңілінен шығып отыр. Бүгінге дейін Маңғыстау өңірі арқылы 3900 контейнер шетел асты. Компания енді бұл көрсеткішті 15 мыңға дейін жеткізбекші. Жоспарлы жұмыстардың кедергісіз орындалуын аймақ әкімі Серікбай Трумов өз бақылауына алған. 

Қазақстан арқылы өтетін мультимодальды жүк тасымалының бірі де бірегейі Ақтау – Баку бағытындағы тұрақты фидерлі кеме қатынасы. Қытайдан шығатын транзит жүктер теміржол арқылы Каспий теңізіне 72 сағатта жетеді. Құрғақ жүк таситын кемеге бір тәулікте тиеліп, Еуропа елдеріне бағыт алады.

Абылайхан Есіркеп, «KTZ Express» АҚ ТХКБ және мультимодальды тасымалдарды сату департаментінің директоры:

- Фидерлі кеменің теңіз айлағына кіруі үшін тариф 60 процент жеңілдікпен ұсынылады. Ал контейнерді ауыстырып тиеуге 50 процент жеңілдік бар. Бұдан бөлек, жүк қабылдау-өткізудің жеделдігі әрі қауіпсіздігі тұтынушыларымыздың көңілінен шығады.

Абылайхан Есіркеп, «KTZ Express» АҚ ТХКБ және мультимодальды тасымалдарды сату департаментінің директоры:

Қазіргі уақытта Қытайдан шыққан жүктер Түркияға бар-жоғы 16 тәулікте жетеді. Бұрын ұзақ уақыт жүретін еді. Қазақстан аумағында Қорғастан түрік жеріне барып-келетін вагондар паркі бар. Фидерлі су жолы ашылғаны олар елімізде қалды. Яғни, ірі көлемдегі жүк тасымалдары үшін вагондардың саны жеткілікті.

Транскаспий халықаралық көлік бағытында Ақтау теңіз солтүстік терминалының ролі зор. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Солтүстік аймақтардан теміржол арқылы келетін астықты тәулік бойына Иранға жөнелтіп отыр. Әрқайсы 10 мың тонна астық сақтайтын алты қамбасы бар. Қабылдау-жөнелту жұмыстары автоматты түрде жасалады. Сондай-ақ терминал аумағына бір мезетте 6 мың контейнерді қоюға болады.

Еліміздің екінші теңіз қақпасы саналатын Құрық порты бір уақытта төрт кемені қабылдай алады. Жоба іске қосылғалы 4 млн 300 тонна жүкті ауыстырып өткізген. Былтырғы көрсеткіш 1 млн 300 мың тонна. Бұл порт «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді. Ұжымда 250-ге жуық адам бар.

Серік Ахметов, «Құрық порты» ЖШС бас директоры:

Қазір бір жүк көлігі шамамен үш сағатта өтіп жатыр. Осы аралықты бір сағат қылуға мақсат қойдық. Ал паромдарға келсек, негізгі көрсеткіш осында. Құрық портына Әзірбайжан елінен 15-ке жуық су көлігі келеді. Бұл мемлекет биыл тағы екі кемені қосады деп күтілуде. Бізде бір паромды қабылдап, кері жөнелтуге 5-8 сағат жұмсалады.

Мамандардың пікірінше, еліміздің теміржол тасымалы бойынша әлеуеті әлі де зор. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» инфрақұрылымының жартысы ғана қолданыста. Ұлттық компания жүк ағыны өтетін жолдарды тұрақты жетілдіруі - әлемдік аренадағы қазақ мемлекетінің орнын күн санап нығайта түсуде.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы